Жалпы «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналғандығымен құнды. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Оның үстіне шаруасы қауырт адам қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметі бір ғимаратың ішіне тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізді.
Қартал ауданының орталығында бастау алып, қазіргі күні тұтас ел бойынша үлгі ретінде ұсынылып отырған «Сервистік әкімдікке» ауданның барлық мемлекеттік қызмет түрін көрсететін бөлімдері шоғырлануда. Үштөбедегі ұядай ғана ғимаратқа қажетті қызметтің 41 түрін ұсынатын Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, білім беру, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері, Қаратал ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы сияқты нағыз жұрт жиі іздейтін ресми органдар қоныстанды. «Сервистік әкімдіктің» тағы бір ерекшелігі, бұл жерде әдеттегідей кілем төселген дәліз бойына қаздай тізілген емен есікті кабинеттер жоқ. Барлық атқарушы органның қызметкерлері Open space әдісімен, ашық кабиналарда отырып жұмыс істеуде.
Жақында Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қаратал ауданына арнайы барып, жұмыс барысын көзбен көрген.
- Open space режиміндегі ашықтық принципін қатаң ұстанатын мұндай нысандарды барлық жерлерде ашуымыз керек. Әрине, Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар кезде, тағы қызмет көрсету орталықтарын ашудың қажеті қандай деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақта орынды. Дегенмен, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласы өз алдында тұрған мәселелерді шешіп, дамудың жоғары сатысына жеткен жоқ. Көптеген мемлекеттік қызметтерді алу үшін жергілікті атқарушы органдардың ғимараттарына бару маңыздылығын әлі де жоғалтпады. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін осындай «Сервистік әкімдік» ұйымдастыру кажет болып отыр, - деді агенттік төрағасы.
Айтпақшы, Үштөбе қаласындағы пилоттық бастама іске қосылғалы бері атқарушы орган өкілдері тұрғындарға 4878 мемлекеттік қызмет түрін көрсетіп үлгеріпті. Бұл – «Сервистік әкімдік» жобасының тиімділігіне нақты дәлел.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы