Айшолпан арман-ұсыныстарын білдіріп, салт-дәстүрімізді дәріптеуге шақырды.
«Астанада және басқа қалаларда қазақтың салт-дәстүрін оқып-үйрететін орталықтар, соның ішінде бүркітшілер мектебі ашылса деген арманым бар» деді ол.
Сөз соңында бойындағы қазаққа тән қонақжайлығын танытып, Нұрсұлтан Назарбаевты дәм татуға шақырды.
«Мен Моңғолияда туып-өссем де, Атамекенім – Қазақстанды ешқашан ұмытпадым. Сол Алтайдағы аз қазақтың аманаты бар еді. Сізді Байөлкеге қонақ болуға шақырамыз, ақ дастарқаннан дәм татып кетсеңіз - алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалар еді» деді Айшолпан.
Айта кетейік, бүркітші қыздың ерекше қызығушылығын америкалық режиссер деректі фильмге арқау етсе, австриялық әнші Sia бейнебаянның негізгі желісіне айналдырған болатын.