Аймақтар • 23 Қаңтар, 2019

Еңбек жолыңды өндірістен бастап та көп мақсатқа жетуге болады - Александр Шутов

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Президенттің қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында Ақсу ферроқорытпа зауытының металл қорытушысы Александр Шутов Қазақстан жастарын өндіріс орындарында жұмыс істеуге шақырды.

Еңбек жолыңды өндірістен бастап та көп мақсатқа жетуге болады - Александр Шутов

«Мен 26 жастамын. Мамандығым - металлург. 20 жасымнан бастап Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істеп келемін. Қазіргі уақытта жұмыста мастер лауазымында еңбек етемін. Өз жұмысымның міндеттемелерінен бөлек, мен зауыттың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрмін. Жастар кеңесінің ғылыми жұмыс бойынша белсендісімін. Әртүрлі ғылыми-техникалық конференциялардан қалмауға тырысамын. Сонымен бірге, Павлодар облысының жастар кәсіподағының мүшесімін», - деді Александр Шутов.

Жас металлургтің айтуынша, зауыттағы металлургтердің көпшілігі - креативті жастар. Олардың бәрі де заманға сай идеялардың бастамашысы болып отыр.

«Бұл идеялар өндірісті арттырып қана қоймай, әлеуметтік салада да маңызын көрсетіп келеді. Жастар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, аулаларды жақсарту, балаларға арналған алаңдардың іргесін қалау секілді маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Пеште жұмыс істеу еңбекке деген сүйіспеншілігімді туғызды. Кәсіпорында жұмыс істеген уақытта мемлекеттік деңгейдегі өзгерістерге куә болғанымды айта кеткім келеді», - дейді Александр Шутов.

Сөз соңында металлург барша жастың атынан Елбасыға алғысын жеткізді.

«Сөз соңында мамандық таңдау алдында тұрған жастарға үндеу тастағым келеді. Өндіріс - өз әлеуетіңді танытудың керемет мүмкіндігі. Еңбек жолын өндірісте бастай отырып, көп мақсатқа жетуге болады. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы осы ретте бізге жарқын үлгі болып табылады» деп түйді сөзін Александр Шутов.