Салтанатты жиында Елбасы жастарға қатысты төрт мәселені қозғады. Солардың алғашқысы – тұрғын үй мәселесі.
«Биылғы жылды Жастар жылы деп бекітуіміздің себебі көп. Жастарды қолдаудың қарапайым жолдарын табуымыз керек. Жастардың қажеттіліктері есепке алынып, олардың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі таңда жастарға сапалы білім, жұмыс, баспана мен отбасы құруға мүмкіндіктер керек. Ғалымдар келешекте әлемнің ІЖӨ-нің 60%-ы 600 үлкен қаладан шығатынын айтады. Сол себепті үлкен қалаларға көңіл бөлуіміз керек. Еліміздегі үш үлкен қалада кезекте тұрған жастардың тұрғын үй мәселесі назарға алынуы керек» деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларда жұмысшы жастарға арнап жылына кемі 1000 тұрғын үй салуды қолға алуды Үкіметке, Президент аппаратына тапсырды. Елбасы тұрғын үйлер жалдамалы баспана негізінде және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілетінін айтты.
«Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады. Жұмыс - ол әл-ауқаттың негізгі көзі. Біз Қазақстанда патернализмді дамытқымыз келмейді, яғни барлығын мемлекетке жүктеп қойған дұрыс емес. Өздеріңіздің істеріңізбен мемлекетке қолдау жасауларыңыз керек. Сондықтан жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға барлық меншік түріндегі кәсіпкерлерлер белсенді түрде қатысуы қажет. Бұл тұрғыда біздің барша ірі компанияларға үндеу жасар отырмын», деді Президент.