Аймақтар • 23 Қаңтар, 2019

Жетісулық студенттер волонтер болуға бейілді

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада өткен «Жастар жылының» салтанатты ашылуын Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мыңнан астам студенті тікелей эфир арқылы тамашалады.

Жетісулық студенттер волонтер болуға бейілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастармен жүздесуін көгілдір экраннан көрген Жетісу жастары өздерін толғандырған жайттардың сөз болып, нақты шешімдер қабылдау жайындағы тапсырманы жылы әсермен қабылдады.

Жыл жаңалығының ресми жариялануын үлкен мүмкіндіктерге балаған І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері   атқаратын істеріне жоспар құрып та үлгеріпті.

– Маған Елбасының волонтерлықпен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттеріне көңіл бөлу керек деген сөзі қатты ұнады. Себебі, өзім 2-курстан бері волонтерлықпен айналысамын. Білім алып жатқан оқу ордамызда «Алау» және «Rise up» еріктілер клубы бар. Оның құрылуына өзім ат салыстым. «Алау» тобындағы еріктілер қарт кісілерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмек қолын созса, «Rise up» тобы Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ағылшын тілін үйретеді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың сабаққа дайындығына көмектеседі. Біздің осы бастамаларымызды өкіметтің өзі қолдап, волонтерларға жағдай туғызып жатса, біздің ісіміз алға басары анық. Біз осындай мейірімділік ісімізбен өзгеге үлгі болып, адамгершілік тұрғыдан да өсіп, дамимыз деп санаймын. Жалпы мен білім алып жатқан Жансүгіров университетінде жастарды қолдауға зор мүмкіндіктер бар. Биылғы жылдың ерекшелігіне орай білім ордасындағы мүмкіндіктер екі еселенеді деп ойлаймын, - дейді жетісулық жас волонтер, студент Аида Рысханова.  

«Жастар жылының» салтанатты ашылуын студенттермен бірге көрген І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев студенттерді «Жастар жылымен» құттықтап, алдағы уақытта жастар үшін атқарылатын ауқымды шаралар мен үлкен жобалар ұйымдастырылатынын жеткізді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы