Өткен жылдың қараша айынан басталған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына үміткерлерді тіркеу қазіргі кезде жалғасын табуда.
Әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жекелеген азаматтар мен заңды тұлғалар өз ұсыныстарын ағымдағы жылдың 9 ақпанына дейін жолдайтын болады. Осындай мәліметтермен бөліскен Алматы қаласы бойынша Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Балым Батаева, Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобасының жетекшісі Гүлнар Қоңырова, Іскер әйелдер қауымдастығының Басқарма мүшелері Назым Ахматжанова, Жазира Чайарова, қауымдастық мүшесі Сана Жандай БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, еліміздің кез келген азаматын қайырымдылық шараларына әркез дайын болуға үндейтін осындай жобаның өміршең болуы байқау қорытындысында насихатталатын игі істермен байланысты екендігін айтады.
Еліміздің барлық өңірі бойынша өтетін іріктеу шараларынан кейін Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығына жолданған барлық ұсыныстар назарға алынып, үміткерлер бес аталым бойынша «Асар» (номинация халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған); «Туған жер» (білім беру, экология және көріктендіру саласында туған өлкеге көмек көрсететін адамдарға беріледі); «Мейірім жолында» (аталымға ерікті негізде және тегін көмек көрсететін, игі істер атқаратын адамдар ие болады); «Батыл жүрек» (номинация ерлік іс жасаған, жанкештілік танытқан адамға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады); «Қайырымдылық тарихы» (номинация БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын қозғайтын, қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аудартатын материалдардың жариялануын қамтамасыз ететін журналистерге немесе шығармашылық ұжымға беріледі).
Байқауға кәсіпкерлік нысандары және қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетін тұлғалар (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) қатыстырылмайды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ