Аймақтар • 23 Қаңтар, 2019

«Жастар жылы» жамбылдық жастарға мол мүмкіндік береді

290 реткөрсетілді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласындағы «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атауымен «Жастар жылының» ашылу салтанаты өтті. Аталған шараны М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде жамбылдық жастар тікелей эфирден тамашалады. Сонымен қатар, іс-шараға студенттік парламент ұйымының сенат депутаттары, факультеттердің студенттік деканаттары, жастар ұйымдары мен клубтарының мүшелері және университеттің жас ғалымдары мен профессор оқытушылар құрамы да қатысты. Өз сөзінде университет ректоры Махметғали Сарыбеков биыл жыл жастар үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Жастар жылының ашылу салтанатында жастар тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды. Мәселен, интернет жобаларды көбейту, «Astana open University» жобасы, бүркітшілер мектебін ашу сияқты идеялардың жастар үшін маңызы зор. Ал аграрлық бизнес саласын дамыту үшін көктемде Астанада алма бағын салу ұсынысы мақұлданды.

Жастар үшін тағы бір қуанышты жағдай, биыл оқу орындарындағы грант көлемі де 2 есе артатын болады. Сонымен қатар, жастар стартапын қолдауға арналған қор құрылады.

«Жастар жылында» еліміздегі жастар үшін тың идеялар мен бастамалардың жүзеге асуына және жастардың барлық әлеуметтік мәселелерінің шешімін табатынына зор сенімдеміз! Жасотандық ретінде біздің облысымыздағы барлық жастарға жасалатын осы мүмкіндіктер олардың болашақтағы әлеуетін арттыруға зор күш-жігерін салады деген ойдамын! Биыл ғана Асанәлі Әшімов атындағы жастардың шығармашылық орталығының жаңадан берілуі мен облысымыздағы жастар аллеясының салынуы біздерге зор мүмкіндік береді» дейді «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бөлімше басшысы Бақытжан Райымбайұлы.

«Маған Елбасының волонтерлықпен айналысатын жоғары оқу орындарының студенттеріне көңіл бөлу керек деген сөзі қатты ұнады. Себебі, өзім екінші курстан бері волонтерлықпен айналысамын. Білім алып жатқан оқу ордамызда «Достық» және «Біз біргеміз» еріктілер клубы бар. Оның құрылуына өзім атсалыстым. «Достық» тобындағы еріктілер қарт кісілерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созса, «Біз біргеміз» тобы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек қолын созады. Біздің осы бастамаларымызды Үкіметтің өзі қолдап, волонтерларға жағдай туғызып жатса, біздің ісіміз алға басары анық. Біз осындай мейірімділік ісімізбен өзгеге үлгі болып, адамгершілік тұрғыдан да өсіп, дамимыз деп санаймын. Жалпы мен білім алып жатқан Тараз мемлекеттік университетінде жастарды қолдауға зор мүмкіндіктер бар. Биылғы жылдың ерекшелігіне орай білім ордасындағы мүмкіндіктер екі еселенеді деп ойлаймын» дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенті  Динара Мұхтарбекова.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan», 

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар