Қазақстан • 23 Қаңтар, 2019

Түркістанда «Орта Азия жастарының форумын» өткізу жоспарлануда

214 реткөрсетілді

Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімін Түркістан облысының жастары тікелей эфирден тамашалады. Өңір жастары айтулы жыл ауқымында атқарылатын жаңа жобаларға белсене атсалысуға дайын.

Бүгінде Түркістан облысында жастардың саны 501 мыңнан асады. Оның ішінде қала жастары – 86 416 (17,3%), ауыл жастары – 414 953 (82,7%). Облыста 2 жоғары оқу орны және 66 орта арнаулы оқу орнында – 57 672 студент білім алып жатыр. Оларды жатақханамен қамту мәселесі де басты назарда. Бүгінде 45 жатақханаға 8553 студент орналасқан. Бұл - жалпы студенттердің 15 пайызы. Солтүстік өңірлерде білім алып жүрген жастар да аз емес. Мысалы, «Серпін - 2050» бағдарламасы аясында – 9 313 жас білім алуда. Бұл - республика бойынша білім алып жатқан жастардың 50 пайыздан астамын құрайды. Ал өткен жылы «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында 440 жас оқуын бітірсе, оның 63,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайын 1275 жас, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 913 жас маман жұмысқа орналасып, 314 маман баспаналы болды.

Жастарға әлеуметтік қолдау көрсету масқатында биылғы жылы аудан, қалалардағы 500-ден астам жұмыссыз азаматты Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс жұмыстарына тарту үшін «Түркістан жастар құрылыс жасағы» құрылып, мердігер компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы құрылды. Жастар жылына орай биыл наурыз айынан бастап жыл соңына дейін «Аудан жастарының Түркістанға тартуы» атты апталық ұйымдастырылып, 1000-нан астам мәдени-спорттық іс-шара өткізілмек. «Түркі жастарының конгресі» және «Орта Азия жастарының форумы» халықаралық іс-шараларын өткізу де биылғы айтулы жылға жоспарланған игі істердің бірі.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар