Президент • 23 Қаңтар, 2019

Елбасының Жастар жылының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзі

5551 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінің толық мәтіні.

Фотоны түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Қадірлі қауым!

Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам.

Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.

Сондықтан менің Жарлығыммен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер.

Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз – Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр.

Қымбатты достар!

Бүгінде біздің өміріміздің барлық саласы – білім беру, жұмыс, отбасы, тіпті бір-бірімізбен қалай сөйлесетінімізге дейін елеулі өзгеріске ұшырап отыр. Осының бәрі әрбір адамның даму траекториясына және тұтастай алғанда, бүкіл әлемге түбегейлі ықпал етеді.

Көз алдымызда цифрлы қоғамы мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туып келеді.

Біздің ел уақыттың осы талаптарына сай болуы тиіс. Сондықтан қабылданып жатқан барлық күш-жігер елді болашақ серпіліске әзірлеуді діттейді және қуатты Қазақстанды құруға бағытталған.

Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр.

Сіздермен кездесудің алдында ғана маған бірқатар жастар жобасы таныстырылды. Бұлар – киім, спорттық тағамдар өндірісі, интерактивті сервистік платформалар. Біздің жастарымыздың нарық ахуалын шынайы бағалайтыны, бос кеңістіктерді іздейтіні және мейлінше бәсекеге қабілетті өнім ұсынуға тырысатыны мақтанарлық жайт. Мұндай қадамның ең басты артықшылығы сол, сіздер өз сұраныстарыңызды өздеріңіз анықтайсыздар.

Әрбір жоба қызықты әрі назар аударуға тұрады. Үкімет осы идеяларды жүзеге асыруды айрықша бақылауға алуы және оларды ілгерілетуге жәрдемдесуі тиіс деп пайымдаймын.

Бүгінде Қазақстанда жастарды әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу, жас адамдардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр.

Жастар жылында біз жас қазақстан-дықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуге тиіспіз. Бұл – ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыстың болуы, баспана және отбасын құру мүмкіндігі. Осыған байланысты Үкіметке келесі шараларды пысықтауды тапсырамын.

БІРІНШІ. Жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет. Бұл пәтерлер жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс.

Осы мәселені шешуге сондай-ақ бүгінде жүзеге асырылып жатқан «7-20-25» бағдарламасы да бағытталған. Мұндай баспанаға жұмыс істейтін және табысы барлар ғана үміт арта алатынын есте ұстаған жөн.

Жұмыс, бұл – адам әл-ауқатының негізгі көзі.

Сонымен қатар барлық меншік формасындағы кәсіпорындар жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға белсене қатысуы тиіс.

ЕКІНШІ. Жастар саясатының негізгі мәселесі жұмыспен қамту болып қала береді. Бүгінгі әлемде 18 бен 30 жас аралығындағы 300 миллионға жуық жас адамның тұрақты жұмыс орны жоқ немесе жұмыссыздар болып табылады. Сонымен бірге ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің шамамен жартысын жасанды интеллект ауыстыратын болады.

Соның ішінде, оңай регламенттелетін мамандықтар бар. Бұлар – сатушылар, жүргізушілер, операционистер, колл-орталық қызметкерлері, заңгерлер мен экономистер.

Жасанды интеллект әзірге адамдарды алмастыра алмайтын «күрделі» кәсіптер ғана сұраныста қалады. Олардың қатарында – ғалымдар, топ-менеджерлер, мәдениет қайраткерлері, ақпараттық технологиялар саласындағы топ-мамандар, жоғары санатты дәрігерлер. Сонымен қатар медбикелер, бала күтушілер, әлеуметтік жұмысшылар және т.б сияқты «қарапайым» кәсіптер сақталады.

Бүгінде XX ғасырға тән «отбасы әлде жұмыс» деген ұлы дилемманың заманы өтіп барады.

Біз «ер» жұмысшы мен «әйелдің» үй кеңістігі арасындағы шекараның түпкілікті жойылып, араласып бара жатқанын бақылап отырмыз.

Алыстан жұмыс істеу және жеткізу сервистерінің дамуы адамдардың үйден шықпай-ақ жұмыс істеуіне, өмір сүруіне мүмкіндік береді. Мысалы, экономистердің бағалауынша, Сауд Арабиясында басталған әйелдердің құқықтарын ырықтандыру ұлттық ІЖӨ өсімін он жыл бойында бірнеше процентке қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыс күші, ерлер мен әйелдер болсын, өнімді жұмыспен қамтылуға аса зәру болады. Бұл фактор болашақта жас тұрғындары басым көптеген мемлекеттер үшін іргелі сын-қатерлердің біріне айналады.

Жастардың бүгінгідей мейлінше созылмалы әлеуметтенуі жағдайында БҰҰ классификациясы бойынша, жастықтың жоғарғы шегі ретінде 44 жас белгіленіп отыр.

2018 жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас бітірді. Орта мерзімді келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны тек өсіп отырады.

Қазіргі уақытта елде шамамен 300 мыңға тарта адам немесе жастардың 9%-ы білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған. Жастардың осы санатының жыл сайын қысқаруына ықпал ететін тиімді шараларды қабылдау қажет.

Қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты. Бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу керек. Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын білесіздер.

«Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ.

қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді.

Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар.

Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн.

Соңғы екі жылда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша ауылдар мен шағын қалалардың 43 мың тұрғынын оқытып шығарды. Нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнесжобалар іске қосылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осыған байланысты жоба аясында жұмыс істеп жатқан адамдардың 95 проценті бюджетке салық төлеуде.

Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырамын. Жалпы, үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс.

Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

стартаптарына қолдау көрсететін қорлардың қызметін ынталандыру маңызды міндет саналады.

Дамыған елдерде жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін қорлар жұмыс істейді. Олар орталық және жергілікті органдар, университеттер, сондай-ақ жеке құрылымдар тарапынан қаржыландырылады.

Үкіметке Жастар стартаптарын қолдау қорын құруды тапсырамын.

Урбанизация процесінің қарқындылығына қарамастан, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары – 43 процент. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асты. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алу, жұмысқа орналасу, демалыс және басқа мәселелерін жүйелі шешуге күш жұмылдыруға тиіс.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын.

Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн. Сондай-ақ жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады. Онда цифрлы технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады.

БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлемнің 70% дерлік халқы қалаларда тұратын болады. Жаһандық экономика қалалықтарға иек артады: 600 мегаполис әлемдік ІЖӨ-нің 60%-ін береді.

Қарқынды урбанизация және халық санының өсуі жағдайында адамзат азық-түлік мәселесінің оңтайлы шешімін іздейді.

Егер АҚШ тұрғынының қазіргі тамақтану деңгейін негізге алатын болсақ, онда 2030 жылға қарай азық-түлік ресурсы тек 2,5 миллиард адамға ғана жетеді. Осыған байланысты әлемде аграрлық сектордағы ғылыми-техникалық прогреске ресурс көптеп жұмсалуда.

Ауыл шаруашылығы роботтандыру, ақпараттандыру және селекция бағытында дамитын болады.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі «көк жағалылардың» уақыты бітті. Бүгінде АӨК жұмысшыларының жаңа толқыны қажет. Қазақстанда бұл сала стратегиялық болып саналады, өсім әлеуеті зор және келешекте отандық экономиканың басты драйверлерінің бірі бола алады. Осы орайда Қазақстанда әдебиет, танымал өнер арқылы жастардың қоғамдық санасында жаңа позитивті образдар қалыптастыру маңызды.

Бүгінде студент жастарға айрықша назар аударған жөн.

Тәуелсіздік жылдары ішінде 2,8 миллион жоғары білімді маман даярланды. Егер 1991 жылы жоғары білімі бар жастардың саны 42 мың адам болса, 2018 жылы 150 мыңнан астам адамды құрады.

Халықтың білім деңгейінің жоғары болуы елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы болып саналады. Осыған байланысты біздің тарапымыздан жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру және студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, бес әлеуметтік бастама аясында 2018-2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлінді. Бұдан бөлек, 2022 жылдың аяғына дейін 70 мың орыннан кем емес студенттік жатақхана құрылысын қамтамасыз ету қарастырылған.

Студенттер қауымы еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді.

Мысалы, халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі үш жүз компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды.

Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ке дейін көтеруді тапсырамын. Бұл біздің студенттеріміз үшін елеулі қолдау болады.

ҮШІНШІ. Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қоғамда түрлі бағыттар бойынша креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты.

Бүгінде таланатты жастарымызға селективті көмек көрсету үшін деректер қорын, жастардың зияткерлік банкін құру қажет. Мұндай қадам бізге болашақтың нағыз кристалдарын өсіруге мүмкіндік береді.

Жас ғалымдарға белсенді қолдау көрсету де маңызды.

Уақыт біздің «Болашақ» бағдарламасын құрған кезде дұрыс шешім қабылдағанымызды көрсетті.

Содан соң Назарбаев Университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін құрдық.

Бүгінде 12 мың «Болашақ» түлегі ел игілігі үшін еңбектеніп жатыр. Жаңа кезеңде бұл бағдарлама ғылыми әлеуетті нығайтуға бағытталуы тиіс.

Жас ғалымдарымызға өз идеяларын нақты жобаларға айналдыруына көмектесуіміз керек. Бұл процеске Назарбаев Университетті де тарту керек.

Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды үш миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырамын.

Қазіргі жағдайда ғылым мен білімді барлық тілек білдірушілерге қолжетімді ету маңызды.

Ғалым-педагогтер оқушылар «төрт К-ны»: сындарлы ойлауды, коммуникацияны, коллаборацияны және креативтілікті дамытулары тиіс деп санайды.

Адами капиталға инвестиция салу мемлекеттің аса табысты бағыттарының бірі болып табылады.

Жас тұрғындарының Сауаттылық индексінде Қазақстан 155 елдің ішінде 15-ші орын алады. Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-шы орында тұр. Қазақстан «жаңа интеллектуалды держава» бола алады.

Еліміздің аса ілгерінді технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалуда екенін ескере келгенде, бізге білім саласындағы жетекші үрдістерден қалып қоймау ерекше маңызды.

Қазақстан баршаға табыс пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ететін өзінің жастарына қажетті білім мен машықтар беруі тиіс. Бұған қашықтықтан оқыту кең жол ашады.

Мәселен, АҚШ-та 20 миллион ЖОО студенттерінің үштен бірі онлайн форматында оқытылады. Сондықтан елімізде қашықтықтан оқытуды қолдану ауқымын кеңейту қажет.

Бүгін тұсауы кесілген Open University жобасы біздің жастарымызға осындай мүмкіндіктер береді. Үкіметке аталған жобаны еліміздің барлық ЖОО-лары мен колледждерінде, сондай-ақ жұмыс берушілер деңгейінде ілгерілетуге қолдау көрсетуді тапсырамын.

Бұған дейін айтқанымдай, алғашқы жұмысшы мамандығын алу да маңызды саналады. Сондықтан сапалы техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту шешуші басымдықтардың бірі болып қалуы тиіс.

Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 128 бірлікке көбейіп, 821 колледжді құрап отыр. 2017 жылдан бері тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы бойынша 155 мыңнан астам жас білім алуда. Аталған жұмысты жалғастыра беру қажет. Бұл – жаппай жұмыспен қамтуға апаратын төте жол.

Үкіметке «100/200» (екі жүзге жүз) қағидаты бойынша «Жас маман» бағдарламасын жасау қажет. Үш жыл ішінде жоба еліміздің барлық өңірінен шамамен 200 мың жас азаматты қамтитын болады. Оның аясында 200 жаңғыртылған оқу орындарының базасында аса сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындау жүзеге асырылады.

Әр өңірде кем дегенде 1 жетекші ЖОО мен 10 колледж жаңартылған оқыту бағдарламасымен және ішінде шетелдік мамандар да бар оқытушылар құрамымен жаңаша жұмыс істейтін болады. Олардың қатарына конкурстық негізде еліміздің 20 ЖОО-сы мен 180 колледжі кіріп, олар үшін шамамен заманауи 400 құрал-жабдық жиынтығы сатып алынады.

Осы маңызды жұмысқа өңірдің барлық жүйе құраушы кәсіпорындары мен ірі бизнесінің қатысуларын ұсынамын. Осы білім беру мекемелерінің жанында сондай-ақ инновациялық жобаларға қолдау көрсететін стартап-орталықтар жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде 3 жыл ішінде жаңа стандарттар бойынша 200 мыңнан астам маман дайындалып, 15 мыңнан астам оқытушы біліктілігін арттыратын болады.

Жастар кешкі, жексенбілік және онлайн-курстарға бару арқылы өздерінің мүмкіндіктері мен перспективаларын кеңейте алады. Тұтастай алғанда, үш жылда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінетін болады.

Бұл бастамалардың бәрі «Жастар – Ел тірегі» атты біртұтас жалпымемлекеттік жоба ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған қазіргі бағдарламаларымен біріктіріледі.

Алдағы үш жыл ішінде осы жобаға бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланып отыр.

ТӨРТІНШІ. Жастардың күш-жігерін жасампаздық пен өз мүмкіндігін жүзеге асыру арнасына бағыттаған маңызды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қарай «Жасыл Ел» қозғалысының базасында «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын іске қосу қажет.

20 жылда Астананың айналасында қолмен отырғызылған орман пайда болды. Бұл – 80 мың гектар жасыл екпелер, соның нәтижесінде қаланың іші экологиялық жағынан тазара түсті. Астананың үлгісі бойынша бүкіл өңірдегі елді мекендердің жасыл экожүйесін дамыту қажет.

Бүгінде бүкіл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жастарымыз белсенді атсалысуы керек. Осы саладағы компаниялардың бәрі студенттік құрылыс отрядтары үшін арнайы квота бөлгені жөн.

Осыған байланысты рухани орталығымыз – Түркістан қаласын көркейту үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені өз бақылауына алуы тиіс.

Сондай-ақ былтыр өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажет. Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

«Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет.

Қазір дүние жүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.

Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі – 10 процент. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.

экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп. Осы айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек.

Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарында волонтерлердің арнайы курстарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын.

Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады. Әсіресе үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор. Кез келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн.

Еліміздегі жарты миллионға жуық студент жастар үкіметтік емес ұйымдармен бірге мұқтаж жандарға елеулі көмек көрсете алады.

Алға қойылған міндеттерді ауқымдандыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше міндет жүктеледі. Қолданыстағы жобаларды жүзеге асыруға бақылау орната отырып, партия жастар саясатының драйверіне айналуы тиіс.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан да жұмысын жастар саясатына екпін түсіре отырып, қайта құру талап етіледі. Біздің басты формуламыз – халық бірлігі мен этносаралық келісім.

Ассамблея егемен Қазақстанның құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын, бірлік пен патриотизмді нығайту ісін ілгерілету бойынша нақты бағдарлама түзуі тиіс.

Біздің Отанымыз біреу, Тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз, оны әрбір азамат көзінің қарашығындай сақтауы тиіс.

БЕСІНШІ. Біздің жас отбасыларына, олардың денсаулығы мен әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету саласындағы көзқарасымызды айтарлықтай өзгерту маңызды. Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдері мен отбасылық өмірдің ыстық-суығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастаған жөн.

Ана институтының қолдауымен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдердің бойында өз отбасына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды.

Отбасылардың ажырасу мәселесі бізді ерекше алаңдатады. Ғалымдар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары бұған ерекше назар аударулары тиіс.

ҮЕҰ-ның қатысуымен ерекше сұранысы бар адамдарға бағдарланған қызметтер көрсету саласын кеңейту қажет.

Біздің әрқайсымыз өз тағдырымызды өзіміз жасаймыз. Өмірлік табысқа жету үшін, бірінші кезекте, отбасылық игіліктер мен кәсіби жетістіктердің кепілі болып табылатын зор денсаулыққа ие болу қажет.

Мемлекет азаматтардың денсаулығына тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 219 жаңа аурухана, 1200 жаңа емхана салынды. Алайда, халықаралық зерттеулер көрсеткендей, медицинаға денсаулықтың тек 10-15%-і ғана тәуелді. Сондықтан бойыңда ерік-жігерді ерте қалыптастырып, тән саулығын нығайту маңызды.

Тәні саудың – жаны сау екені баршаға аян.

Республикалық жастар чемпионаттары мен студенттік универсиадалар өткізу дәстүрін қайта жаңғырту маңызды.

Барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырамын.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала дәл осы мақсатқа бағытталған.

Мен сендердің өз елдеріңмен мақтанғандарыңды, оның тарихын жақсы білгендеріңді және алға сеніммен қарағандарыңды қалаймын. Қазақстанның болашағы берік қолда екеніне және сендер оны әлемнің аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосатындарыңа сенімдімін.

Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгін біздің арамызда өте ауқымды әңгіме қозғалды. Ұсынылған барлық идея жастар мен отбасыларды дамыту саласындағы арнайы Жол картасында көрініс табуы тиіс.

Бар-жоғы екі жылдан кейін біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл датаның жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы аса зор. Осыған орай Үкіметке еліміз үшін маңызды осы мерейтойға дайындық пен оны мерекелеу бойынша бағдарлама дайындауды тапсырамын.

Ұсынылған барлық бастама мен жоба форумның қорытынды құжатында көрініс табуы тиіс.

Қымбатты достар!

Бүгін біз жастарға кеңінен жол ашатын маңызды бастамалармен таныстық.

Қолға алған тың жобалардың бәрі табысты жүзеге асады деп ойлаймын.

Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер!

Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс пен бақ-береке тілеймін!

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 24

Руханият • Кеше

Рейтингте жоғарылады

Кәсіпқой бокс • Кеше

Ұқсас жаңалықтар