Қазақстан • 23 Қаңтар, 2019

Шекара бұзған азамат қаза тапты

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы атыстан бір адам мерт болды. Ал шекара бұзған қалған екі азамат қашып кетті. 

Шекара бұзған азамат қаза тапты

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, оқиға Тараз шекара отрядының «Жасөркен» заставасына қарама-қарсы жерде 2019 жылғы 23 қаңтарда болған.

Қырғыз Республикасының шекара жасағы ел аумағынан 10 жылқы айдап өтуге талпынған 3 заң бұзушыны анықтаған. Ұстау кезінде шекара бұзушылар қарсылық көрсетіп, суық қаруды қолданған. Оларға қарсы шекарашылар да оқ атқан. Нәтижесінде заң бұзушылардың бірі оқ тиіп, жарақат алған. Қалған екі белгісіз адам жылқылармен Қазақстан Республикасы аумағында жасырынған.

Жарақат алған шекара бұзушы (Қазақстан азаматы) Талас ауылы ауруханасына барар жолда қаза тапқан.

Қазіргі таңда Тараз шекара отрядының күштері және құралдарымен шекара бұзушылар мен жылқыларды іздеу шараларын жүргізіп жатыр.

Осы оқиғаға байланысты Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар ресми түрде Қырғызстан тарапынан оқиғаның мән-жайы туралы толық ақпаратты сұратқан.

«Біздің Бішкектегі Елшілігіміз оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтағаннан кейін мұндай жағдайларда тиісті құқықтық және ұйымдастыру, соның ішінде құжаттарды рәсімдеу және марқұмның денесін отанына жіберу шараларын қабылдайды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстанның шекара және консулдық қызметтері тиісті шараларды жүргізіп жатыр», делінген хабарламада.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған шекара бұзушы бұған дейін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша сотталған.