Қазақстан • 24 Қаңтар, 2019

Маңызды заң жобалары мақұлданды

327 реткөрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төраға­лығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында төрт мәселе қаралды.

Сотына сенген ел – келешегіне сенеді

Алдымен «Қазақстан Республикасы­ның сот жүйесі мен судьяларының мәр­тебесі туралы» Қазақстан Респуб­лика­сы­ның конституциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңының жобасы қаралып, ол туралы негізгі баяндаманы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов жасады. «Судьялардың қолдары таза емес, кәсіби сауаттылығы төмен» деген сөздерді біз жиі естиміз, деп бастады ол сөзін. Бүгінгі ұсынылып отырған заң жобалары қоғамда қалыптасып отырған осындай келеңсіз көзқарастарды қалай шешеді дегенге тоқталатын болсақ, мен баяндамамды «кешегі сот», «бүгінгі сот» және «болашақта қандай сот қалыпт­ас­тыруға ұмтыламыз» деген үш тармаққа бөлейін, деп жалғастырды ол өз сөзін.

Одан әрі төраға өткен ғасырдың 80-жылдары біздің республикамызда түрлі қылмыстары үшін түрмеге қамалған адамдардың саны жүз мыңнан асатынын еске салып өтті. Ал қазір ол үш есе азайып 30 мыңға түскен. Оның басты себебі – жеке адамға қарсы жасалатын қылмыс саны азайды. Ал ол кезде 100 мың қазақстандыққа шаққандағы саны 10 болатын, қазір бұл көрсеткіш екі есе азайған. Екінші себеп, сот құқық қорғау органдарының айыптау қорытындысының ықпалында кетіп, әрқашан да жазалауға бейіл болатын. Тіпті кінәсі жоқ екеніне көзі жетіп тұрса да прокурор бекіткен айып­тау қорытындысына қарсы шығып, адамды ақтауға батылы бармайтын. Қазір барлық айыпталушының тек 25 пайызы ғана бас бостандығынан айырылады. Біз судьялардың бойында болатын «жазалауға бейімділік» сияқты келеңсіз дәстүрден арылуға тыры­судамыз. Соның нәтижесінде бедел­ді халықаралық ұйымдардың өкіл­­дері қазақстандық сот жүйесінің көп­теген жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтуде. Атап айтқанда, біздің соттары­мыз­дың қолжетімділігін, дауларды жыл­­дам шешетінін және ІТ-дің жақсы да­мы­ған­­дығын олар тілге тиек етеді. Бүкі­л­­әлем­дік банкінің рейтингі бойынша сот жүйесіне жағдай жасауда Қазақстан төртін­ші орынға шыққан. Бірақ ең бастысы бұл емес. Елбасы Н.Назарбаев бізден судьялардың әділетті шешім шығаруы керек­тігін талап етеді. Егер соттың шеші­мі заңды болса, әрбір сотталушы судьяның осындай шешімге келу логикасын мойындаса және шешім түсінікті, қарапайым тілде жазылса айтылған уәждердің бәріне толық жауап берілсе – міне, сонда ғана халық сотқа сенеді. Ал сотқа сенген ел – келешегіне сенеді. Бірақ мұндай шешімдерді тек терең білімді кәсіпкерлер, мықты заңгерлер, мүлтіксіз мамандар ғана шығара алады. Оларды судьялық қызметке тарту біздің міндетіміз. Ол үшін әлеуметтік жағынан қорғалу мәселелерін шешуіміз керек. Ұсынылып отырған заң жобалары осы талаптарды қамтамасыз етуге тырысқан, деді төраға өзінің сөзінің қорытындысында. 

Депутаттар баяндамашыға бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде Асылбек Смағұлов татуластыру орталығы және татуластырушы судьялар бар екенін еске сала келіп, халықтың кімге барғаны жөн екенін сұрады. Оған екі қызметтің де бір-біріне қайшы келмейтіндігі айтылып, екеуіне де баруға болатындығы жеткізілді. Енді бұл мәселені біржақты шешетін заң жобасы әзірленіп жатқандығы да айтылды. Депутат Майра Айсинаның сұрағы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақовқа арналды. Ол заң жобасында судьялық қызметке таңдау конкурсына түсетіндердің екі жылдық жұ­мыс өтілі болуы керектігі талап етіле­ті­нін, бірақ алыс жерлердегі осындай қыз­метке үміткерлерге мұндай талап қойыл­май­тындығына назар аударып, «алыс жерлер» дегеннің өзін қалай түсіну­ге болатындығын сұрады. Оған «алыс жерлер» Үкіметпен ақылдасып анықта­латындығы жеткізілді. 

Сонымен бірге депутаттар заң жо­басы­ның мақсаты – сот жүйесін жаңғыр­ту, судья кадрларын сапалық жағы­нан дамыту және жаңарту, судьялар тәуелсіз­дігінің кепілдіктерін күшейту және судья­ларға құқыққа сыйымсыз ықпал­ды бо­л­дырмау екендігін сұрақтар беру бары­сында анықтады. 

Заң жобасы бойынша қосымша баян­даманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жасады. Ол осы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы заңға 2007 және 2017 жылдардағы конституциялық реформалар кезеңінде де өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып, қазіргі өзгерістер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуын құқықтық жағынан жетілдіру шеңберінде енгізіліп отырғанын айтты. Талқылауға қатысқан депутат Қуаныш Сұлтановтың ұсынысымен заң жобасы бір ауыздан мақұлданды. Сонымен бірге осы заңға ілеспе заң жобасы да талқыланып, мақұл­данды. Ол негізінен төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетіні белгілі болды. Олардың біразы судьялыққа үміткерлердің біліктілік емтихандарын күрделендіруге бағытталған. 

Отырыста қаралған өзге заң жобалары 

Сонымен қатар Мәжілістің кешегі отырысында баланың құқықтарын қорғау жөніндегі ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­­тырулар енгізу туралы депутат­тардың бастамасымен әзірленген заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы баяндаманы депутат Әбді­манап Бектұрғанов жасады. Заң жоба­сы­ның мақсаты – балалардың құқық­тарын қорғауды жүзеге асыратын ұйым­дардың жұмыс істеуімен байланысты мәселелерді нақтылау есебінен олар­дың қызметін жетілдіру, сондай-ақ Ұлт­тық алдын алу тетігі мандатын бала­ның құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын барлық ұйымдарға қолдану арқылы заңнамалық деңгейде кешенді шешу. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін нақтылауға, білім беру саласындағы уәкілетті органға балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны беруге және т.б. көңіл бөлген. Сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқаруға және бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым сала отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жеке бөліктер етіп шығаруға және басқа да бірқатар түзе­­ту­лер енгізді. Депутаттардың ұсы­ныс­­тарын қарау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының 6 кодексі мен 6 заңына түзетулер енгізу көзделген. 

Жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу сала­сындағы Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық туралы келісімге өзге­ріс­тер енгізу туралы хаттаманы рати­фи­кациялау туралы заң жобасы да ұзақ талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Заң жобасы бойын­ша баяндама жасаған Энергетика ми­нистрі Қанат Бозымбаевқа көптеген сұрақ­ қойылды. Соның ішінде ха­лық қалаулылары ішкі рынокты сапалы жанар-жағармаймен үздіксіз қам­та­масыз ету мәселелеріне қатты алаң­дау­шылық білдіретіндерін жеткізді. 

Отырыс соңында бірнеше депутат орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады. Соның ішінде депутат Ж.Ахметбеков Үкімет басшысы­на қарақшы-браконьерлердің қолынан халық қазынасын қорғау жолында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін қарастыруды ұсынды. Ал депутат А.Перуашев республика атауын «Қазақ­станмен» қатар «Қазақ респуб­ликасы» деп ресми түрде атауды ұсына­тынын Үкімет басшысына жеткізді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік – тұғырым

Аймақтар • Кеше

Күлкі керуені № 25

Руханият • Кеше

Апта үздігі атанды

Хоккей • Кеше

Ұқсас жаңалықтар