Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2016 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыруға байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі осы жылдан бастап ҰБТ-ны жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында тапсыру мүмкіндігі болып отыр.
«Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өткен ҰБТ-ға қатысу мектеп бітіруші түлектің жоғары оқу орнында тек ақылы бөлімге түсуіне құқық береді. Егер мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын алғысы келсе, міндетті түрде маусым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуы керек. Маусым айында тапсырған ҰБТ-ның қорытындысы бойынша білім беру грантын беру конкурсына қатыса алады. Бұл іс-шаралардың ұйымдастырылуына мемлекеттік қаржыдан бірде-бір тиынның жұмсалмайтынын айта кетуіміз керек», деді Р.Әлімқұлов.
Жалпы, ҰБТ өткізу пункттерінің саны – 74, өтініштер саны – 35 838 адам, оның ішінде 25 615 адам қазақ тілінде, 10 162 адам орыс тілінде, 61 адам тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға өтініш білдірген. Қатысушылар санаты бойынша 29 789 адам – 11-сынып оқушылары, 3 268 адам – шартты түрде түскендер, 2 781 адам – шығармашылық мамандықтарынан басқа мамандықтарға ауысушылар. Қысқы тестілеуге 34 687 адам қатысқан. Мүмкіндігі шектеулі жандар – 9. ҰБТ-ның шекті деңгейінен өткендер – 24 012 адам (69%), шекті деңгейден өте алмағандар – 10 675 адам (31%).
Ал бейінді пәндер комбинациясы бойынша «Математика-физиканы»
8 430 (28,8%), «Химия-биологияны» – 5 839 (19,9%) түсуші таңдаған.
ҰБТ тестілерінің мазмұнына қатысты Республикалық апелляция комиссиясына 8 өтініш келіп түскен, оның 3-і қанағаттандырылған. Өткен жылы тест тапсырмаларының мазмұны бойынша 243 өтініш түскенін, оның ішінде 101-і қанағаттандырылғанын атап өту керек.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»