Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Балаларға дәмді кофе ішкізіп, футбол ойнауды үйреткен жас кәсіпкер –Асхат Нұрлыбаев

751 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл жігіт туған өлкесін ерекше жақсы көреді. Сондықтан болар, шетелдегі тамаша жағдай­дың барлығынан бас тартып, Шымкентке қайтып оралды. Бос­қа келген жоқ, әлемдік на­рық­­тың қара қазанына айнал­ған Қытай елінде 10 жыл бойы кәсіп­керліктің сан түрін үйреніп қайтты.

Балаларға дәмді кофе ішкізіп, футбол ойнауды үйреткен жас кәсіпкер –Асхат Нұрлыбаев

Келген бойда үйренгенін кә­деге жаратсам деп талпынды. Бас-аяғы 2-3 жылдың ішінде 5 бизнес жобаны қолға алып, 30 шақты адамды жұмыспен қамтып үлгерді. Біз тілге тиек етіп отыр­ған азамат – шымкенттік жас кә­сіпкер Асхат Нұрлыбаев. 

Асхат университет қабы­рғасын­да жүрген шағында-ақ қала тұрғындарына сапалы, бағасы қалта қақпайтын кофехана ашуды ойлады.

– Ең алғаш кофехана ашу туралы ой Starbucks, МcDonald’s сынды танымал компаниялардың өнімінен дәм татқан шақта келген. Кейіннен ішкі нарықты зерттедік. Әуелі қала тұрғындарының кофеге деген қызығушылығын білу мақсатында арнайы көлікте кофе сатуды бастадық. Қаладағы жоғары оқу­ орындары, сауда орталықтары мен­ банк ғимаратының алдында тұр­ғын­дарға дәмді кофе ұсындық.  Тұты­ну­шыларымыздың саны арта бастаған соң, Ғ.Іляев көшесі бойынан кішігірім дүң­гіршек аштық. Кейіннен жеке ғимарат жалдап, ерекше дизайнда жасалған орталықта қызмет көрсете бастадық. Біздің хош иісті кофеміздің бағасы студенттердің қалтасына қо­­ным­д­ы. 0,5 литрлік кофе небәрі 300 теңге. Өйткені негізгі тұты­­нушы­ла­рымыз да осы жас­тар, – дейді Асхат Нұрлыбаев. 

Осылайша нарық заңдылы­ғымен бәсекелестерін әділ жеңе білген жас кәсіпкер Шымкентте «Procoffee» атты кофе орталығын ашты. Бүгінде жоғары оқу орындары мен студент жастар жиі шоғырланатын жерлерде аталған өнім брендке айналып үлгерді.

Анығында, Шымкент десе жыл­дың төрт мезгілі сауда қыз-қыз қайнаған базары көп ме­кен елестейді. Шаһар тұр­ғын­да­рының бойындағы осы бір пысықтық олардың бірден кәсіп­ке бейімделуіне көп септігін ти­гізсе керек. Ширақ Асхат та осы топтың бел ортасында жүріп шың­­дал­ған. 

Қалалықтарға кофе ішу мә­де­ние­тін үйреттім деп тоқ­мейіл­сіп қал­­­май, кезекті жобаларын да рет-реті­мен қолға алған. Со­лар­дың  бірі – бей­небақылау өнім­дерін сатумен айналысатын «Protech» дүкені. Бұдан бөлек, ізденімпаз жастың «Pro-professional» брен­діне қарасты «Profootball» дүкені тағы бар. Мұның барлығы «Pro group»­ командасының бөлімшелері. Бір сөзбен, халыққа сапалы, жоғары дең­гейде өнім ұсыну мақсатында дү­ниеге келген атау­лар мегаполис жұрт­шылығының аузын­да жиі айтылып жүр. 

«Жігітке жеті өнер де аз» демек­ші, спортты жанына серік еткен Ас­хат бұл салаға да қаржы салып, табыс кө­зін тапты. Қазақтың қара­көз балдырғандарының бойындағы фут­болға деген үмітті ояту мақ­сатында шаһарда «Санлин» футбол академиясының бөлімшесін ашты. 2014 жылы құрыл­ған, еліміздің 9 қаласында жұмыс іс­тей­тін академияда жас өскін­­дер кә­сіби жаттықтырушылардан дәріс ала­ды. 

Қазіргі таңда жастардың бір ғана мамандық иесі атанып қоймай,  қызығу­шылығы бар мамандықтарды көптеп игергені жөн. Мамандығына шын берілген жандар кез келген саланың еңсе тіктеп, дамуына септесетіні анық. Бұл ретте мемлекеттің де жас кәсіп­керлерге көрсетер көмегі аз емес. 

– Түрлі іссапарлармен әлемнің 15 шақты елін араладым. Әрине шетел­дердегі үлкен қалалармен Шымкент­ті салыстыруға келмейді. Алайда өзім өскен қаланы ерекше жақсы көре­мін. Қытайда халық көп, көшедегі кепте­лістерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан бір күнде бір ғана жұмыс істей аласыз. Ал мұнда бір күнде кемі 5-10 шаруаңыз тынады. Қаламыз мегаполис мәртебесін алып, дамып келеді. Ендігі мұрат – шетелде он жыл жүріп жинаған білімімді, мүмкіндігімді туған жерімде пайдаға жарату. Елімізде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Барлық салада өзара бәсекелестік бар. Ал бәсекелестік бол­ған жерде сапа артады, – деп ағынан жа­рылды жас кәсіпкер.

­­Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazagstan»