Келген бойда үйренгенін кәдеге жаратсам деп талпынды. Бас-аяғы 2-3 жылдың ішінде 5 бизнес жобаны қолға алып, 30 шақты адамды жұмыспен қамтып үлгерді. Біз тілге тиек етіп отырған азамат – шымкенттік жас кәсіпкер Асхат Нұрлыбаев.
Асхат университет қабырғасында жүрген шағында-ақ қала тұрғындарына сапалы, бағасы қалта қақпайтын кофехана ашуды ойлады.
– Ең алғаш кофехана ашу туралы ой Starbucks, МcDonald’s сынды танымал компаниялардың өнімінен дәм татқан шақта келген. Кейіннен ішкі нарықты зерттедік. Әуелі қала тұрғындарының кофеге деген қызығушылығын білу мақсатында арнайы көлікте кофе сатуды бастадық. Қаладағы жоғары оқу орындары, сауда орталықтары мен банк ғимаратының алдында тұрғындарға дәмді кофе ұсындық. Тұтынушыларымыздың саны арта бастаған соң, Ғ.Іляев көшесі бойынан кішігірім дүңгіршек аштық. Кейіннен жеке ғимарат жалдап, ерекше дизайнда жасалған орталықта қызмет көрсете бастадық. Біздің хош иісті кофеміздің бағасы студенттердің қалтасына қонымды. 0,5 литрлік кофе небәрі 300 теңге. Өйткені негізгі тұтынушыларымыз да осы жастар, – дейді Асхат Нұрлыбаев.
Осылайша нарық заңдылығымен бәсекелестерін әділ жеңе білген жас кәсіпкер Шымкентте «Procoffee» атты кофе орталығын ашты. Бүгінде жоғары оқу орындары мен студент жастар жиі шоғырланатын жерлерде аталған өнім брендке айналып үлгерді.
Анығында, Шымкент десе жылдың төрт мезгілі сауда қыз-қыз қайнаған базары көп мекен елестейді. Шаһар тұрғындарының бойындағы осы бір пысықтық олардың бірден кәсіпке бейімделуіне көп септігін тигізсе керек. Ширақ Асхат та осы топтың бел ортасында жүріп шыңдалған.
Қалалықтарға кофе ішу мәдениетін үйреттім деп тоқмейілсіп қалмай, кезекті жобаларын да рет-ретімен қолға алған. Солардың бірі – бейнебақылау өнімдерін сатумен айналысатын «Protech» дүкені. Бұдан бөлек, ізденімпаз жастың «Pro-professional» брендіне қарасты «Profootball» дүкені тағы бар. Мұның барлығы «Pro group» командасының бөлімшелері. Бір сөзбен, халыққа сапалы, жоғары деңгейде өнім ұсыну мақсатында дүниеге келген атаулар мегаполис жұртшылығының аузында жиі айтылып жүр.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, спортты жанына серік еткен Асхат бұл салаға да қаржы салып, табыс көзін тапты. Қазақтың қаракөз балдырғандарының бойындағы футболға деген үмітті ояту мақсатында шаһарда «Санлин» футбол академиясының бөлімшесін ашты. 2014 жылы құрылған, еліміздің 9 қаласында жұмыс істейтін академияда жас өскіндер кәсіби жаттықтырушылардан дәріс алады.
Қазіргі таңда жастардың бір ғана мамандық иесі атанып қоймай, қызығушылығы бар мамандықтарды көптеп игергені жөн. Мамандығына шын берілген жандар кез келген саланың еңсе тіктеп, дамуына септесетіні анық. Бұл ретте мемлекеттің де жас кәсіпкерлерге көрсетер көмегі аз емес.
– Түрлі іссапарлармен әлемнің 15 шақты елін араладым. Әрине шетелдердегі үлкен қалалармен Шымкентті салыстыруға келмейді. Алайда өзім өскен қаланы ерекше жақсы көремін. Қытайда халық көп, көшедегі кептелістерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан бір күнде бір ғана жұмыс істей аласыз. Ал мұнда бір күнде кемі 5-10 шаруаңыз тынады. Қаламыз мегаполис мәртебесін алып, дамып келеді. Ендігі мұрат – шетелде он жыл жүріп жинаған білімімді, мүмкіндігімді туған жерімде пайдаға жарату. Елімізде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Барлық салада өзара бәсекелестік бар. Ал бәсекелестік болған жерде сапа артады, – деп ағынан жарылды жас кәсіпкер.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazagstan»