Ел ішіндегі еленбей жүрген өнер иесі мен қолы епті ісмерлердің және көшбасшы жастардың танылуына жол ашқан фестивальда ән шырқалып, күй тартылды. Отты жырлар оқылып, фотосурет байқауы да өтті. Солардың бәрінен Нұрлан Жартыбеков есімді ісмер жігіттің өнері асып түсіп, елді таңғалдырды десек, артық айтпаймыз. Дүйім жұрттың таңдайын қақтырған Нұрлан ілмектеп тоқу өнері бойынша дүние жүзінің шеберлерін шаң қаптырып, әлемдік рекорд орнатқан қас шебердің өзі екен. Ілмектеп тоқудың шебері 72 сағат бойына тоқтамастан жұмыс істеп, иірілген жүннен шарф тоқып шықты. Тоқыған мойынорамасының ұзындығы 35 метрге жетіп, жерлесіміз Қазақстанның рекордтар кітабына тіркелді. Түрлі тоқыма бұйым жасап, онысын сатып, шаруасын дөңгелетіп отырған жаспен біз осылай таныстық.
Таяуда ісмер жігітке хабарласып, кәсібі туралы аз-кем сұраған едік.
– Маған тоқыма өнерін бірінші сыныпта оқып жүргенімде анам үйретті. Төртінші сыныптан бастап тоқыма бұйымдарымды сатуды кәсіпке айналдыра бастадым. Мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де осы кәсіптен қол үзбей, әрі қарай жалғастыруды жөн деп шештім. Былтыр Білім және ғылым министрлігінің жаңадан өз ісін бастайтын жастарды қолдауға арналған Zhas Progect атты жобасына қатысып, жеңімпаз атандым. Осы Zhas Progect арқылы алған грантты кәсібімді одан әрі дамытуға арнадым. Қазір Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында тоқыманы үйретемін. Көпшілік тоқыманы ерлердің ісі емес деп ойлауы мүмкін, алайда ең бастысы бұл өзіме ұнайды, – деді ол.
Шынында да қимыл-қозғалысы қиындаған, түрлі дәрежедегі сал ауруына ұшыраған балдырғандар үшін тоқымамен айналысудың пайдасы зор екен. Нұрланның ерінбей-жалықпай балалармен жұмыс істегенінің нәтижесінде біраз баланың денсаулық жағдайы 20 пайызға дейін жақсарыпты. Бір сөзбен айтқанда, Нұрланның әдісін еңбекпен емдеудің керемет үлгісі деуге болады.
Біздің кейіпкеріміздің бос уақыты аз. Әр күнін неше түрлі бұйым тоқумен, білгенін балдырғандарға үйретумен өткізеді. Тоқу жылдамдығымен елді таңғалдырған жігіт ай сайын бір өзі 500 балаға кішкентай аяқкиім тоқып үлгереді екен. Үлкендерге арналған киімдердің 100-
150-ін дайындап үлгереді. Басқа да бөкебай, қолғап, шалма, баскиім, күртеше сынды киімнің неше атасын тоқып, түрлі ұлттық ою-өрнекпен әшекейлеп, сатып үлгереді. Жан жары да қолғабысын тигізеді.
– Жылдамдығым өте жоғары, машинамен бірдей тоқимын ғой, – деп күледі өзі.
Қолынан шыққан бұйымдарына сұраныс жоғары, дайын болғандарын ел қуана сатып алып жатыр.
Нұрлан қазір жан жарымен бірге еңбектенуде. Әлі жеке баспана сатып алып та үлгермепті. Ендігі жоспары үй алу, біраз адамның басын қосып, өзінің ісін бірлесіп атқаратын жұмыскерлер дайындау, сөйтіп кәсібін одан әрі үлкейту.
– Тоқыма өнері шетелде ғана жақсы дамыған, Қазақстанда жоқ. Ұлттық тоқыма бұйымдарымыздың неше түрлісін елімізде шығаруды жолға қойсам деген арманым бар, – деді бізге.
Ол арманын орындау үшін қаржылай қолдау керек. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Сәл демеу болса Нұрлан Жартыбековтің ісі де ілгерілеп кеткелі тұрғаны анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»