Осылайша әкесінің кеңесімен облыс орталығы Ақтау қаласынан бес шақырым жерде «Экзотика құс әлемі» деп аталатын жеке шаруашылық ашуды қолға алды. Қазіргі таңда ол Мұнайлы ауданындағы 2,5 гектар жерде орналасқан шаруашылықта экзотикалық құстарды өсірумен айналысады.
Есеннің шаруашылығы Қытай, Ресей және Африка елдерінен әкелінген сирек кездесетін құс түрлерін, түйеқұс, мысыр тауығы, бөдене, қырғауыл, тауыстың түрлі тұқымы, үйрек, тауық, қаз бен күркетауық және түрлі тұқымды үй қояндарын, сондай-ақ түйе өсірумен айналысады.
Шаруашылық көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Екі жыл бұрын бес түйеқұс бағумен іргесі қаланған шаруашылықта қазіргі таңда 1500 бөдене, 1 мыңға жуық қаз, 30 қырғауыл, түйеқұстың 15 түрі, жалпы 4350-дей құс бар.
Кәсіпті шырқ үйіріп кету оңай болған жоқ. Бұған бір жағынан құстарға Маңғыстаудың қатал климаты әсер етсе, екіншіден су, газ сынды инфрақұрылымның жоқтығы біраз қолбайлау болды. Әсіресе бастапқы кезде құстардың дертін анықтап, тиісінше емдеу ісі де жөнді болған жоқ. Арада өткен бір-екі жылда құстармен күнделікті араласып жүріп, олардың тұқымдық ерекшеліктерін, мінез-құлқы мен табиғатын жете білу арқылы шаруашылық иесі де, мал дәрігері де біраз тәжірибе жинады. Бүгінде үйрек-қаздарға хауыз салынған, бөденелерді белгілі бір температура сақталған ғимаратта ұстайды. Одан тәулігіне 800-ге дейін жұмыртқа алып, саудаға шығарып отыр.
– Түйеқұстың бір жұмыртқасы 1,5 кило тартады. Қуырып тамақ қылғанда 16 адамға азық болады. Ақуызы көп – 24 пайызға дейін барады, холестерин жоқ. Емдік қасиеті зор. Түйеқұс өзі 70 жылдай өмір сүреді. Жүгіргенде 70 шақырыммен бір сағат бойы жылдамдығын түсірмейді. Еті өте пайдалы. Бойы – 2,5 метр. Салмағы қазірдің өзінде 120-140 кило тартады. Тек етінің өзі 40-45 кило береді, – дейді шаруашылықтың үнемі басы-қасында жүріп, ақыл-кеңесі мен көмегін аямайтын Боранбай. Оның сөзін кәсіпкер ұлы Есен былай деп жалғастырды:
– Ірі құстардың өсімі тез. Әр құстың тамағы әртүрлі. Арпа, бидай, қоспа жем, барлығын Қостанайдан аламыз. Әсіресе түйеқұстың күтімі ерекше. Бірақ қыста сақ болу керек. Себебі түйеқұс мұзға шалынып құласа, аяғы сынады. Терісі қолтырауынның терісімен бірдей – бағалы, сапалы. Түрлі әшекей бұйымдар, аяқ-киім, киім-кешек дайындауға болады. Тағы бір ерекшелігі, түйеқұстың жүніне шаң жабыспайды. Қырғауылдың 10-ға тарта түрі бар. Ішінде патша, қызыл алтын сияқты кең тараған түрлері және лимон әрі күміс түстілері де кездеседі. Жұбының құны 10 мыңнан бастап 100 мың теңгеден асады.
Шаруашылықты толық меңгеріп, әр құстың табиғатын зерттеп-зерделеп алған Есен Боранбаев әкесімен, аға-апасымен бірге алдына зор міндеттер қойып отыр.
Туристік әлеуеті зор өңірде экотуризмді дамытып, сирек кездесетін құстар мен үй жағдайында бағуға болатын түрлі қанаттылардан құралған құстар бағын Қазақстанның кез келген тұрғыны, шетелдік туристер қалаған уақытында тамашалап, табиғи таза өнімнен дәм татып, демалатын орынға айналдыруды мақсат еткен. Сондай-ақ этноауыл жобасын дамытуды көздеп отырған Боранбаевтар жылыжай шаруашылығын да қолға алған. Жылыжайда тамшылатып суару арқылы қияр мен құлпынай, қызанақ өсіреді, 300 түп жеміс ағашын отырғызған. Қазір үш мыңнан астам құстан тәулігіне 1,5 мың жұмыртқа алып, аймақтағы барлық сауда орталықтарына өткізуде. Түйетауық, қаз, үйрек пен бөдененің еті ішкі нарыққа шығарылады. Ресейден импортталған жұмыртқалардың бағасы арзан болғанымен, жергілікті халық отандық өнімді көбірек алады екен.
Жиырмадан астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Есен Боранбаев сапалы, бағасы қолжетімді отандық өнімді молайтып, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосу үшін шаруашылығын одан әрі жетілдіріп, шаруашылығын жаңа ой, тың бастамалармен жан-жақты ұлғайта түсуді ойлайды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы