Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Жастарды қолдау – болашақты бағамдау

1009 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болашақ – білімді жастардың қолында. «Жастар жылының» салтанаты ашылуы «Тәуелсіздік ұрпақтарының» алдағы бағыт-бардарына үлкен бір серпін бергендей. Жарқын болашаққа ұмтылған тәуелсіз еліміздің азаматтары үшін өткен тарихты білу, құрметтеу, насихаттау қасиетті борыш болып саналады.

Жастарды қолдау – болашақты бағамдау

Жастарға қолдау білдіруді мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі екендігін тұрақты назарға алып отыратын Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы бағыттарды жүзеге асыруда жас ғалымдарға жүктелетін жауапкершілік жоғары. Президент мақаласында айтылғандай, тарихымызды білу арқылы біз өз түп-тамырымызды танимыз, өткен күндердегі күрмеуі қиын мәселелердің анық-қанығына көз жеткіземіз. Әсіресе, мақалада ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау туралы айтылғаны белгілі. Осы бағытта алдағы уақытта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдары мұрағат қорларымен байланысын нығайтып, қазақ тарихына қатысты құнды дүниелерді сақтап қалу жөнінде бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады. 

Мұрағат ісін дамыту, зерттеу жас ғалымдар үшін берілген мол мүмкіндік дер едім. Бүгінде еліміздің, сондай-ақ шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алған жастар арасында бірнеше тілді меңгергендердің басым көпшілігі жас ғалымдар. Жаңа технологиядағы жетістіктердегі жастардың үлесі қуантады. Осы тұрғыдан алғанда ата-бабаларымыз тарихының, мәдениеті мен әдебиетінің мол қоры сақталған мұрағаттарды ашу мәселесіне жастарды жұмылдыру, олардың ғылымдағы әлеуетін пайдалануды уақыт талап етіп отыр. Отандық ғылымның алдыңғы буын өкілдерінен тәлім алған, заманның жаңалықтарын меңгерген жастар ел болашағының драйвері. Бүгінде қоғамдық қатынастардың дамуы ақпараттық ресурстарға деген сұраныстарды арттырып отырғандықтан, технологиялар тілін, шетел тілін меңгерген ғалымдар ғасырлар қойнауында бұғып жатқан құнды деректерді жарыққа алып шығуға дайын.

Мұрағат құжаттары негізінде жазылатын тарихи зерттеулерді насихаттау, оны жоғары оқу орындарында, орта мектеп бағдарламаларында пайдалану, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, әлеуметтік желілерде ел тарихына қатысты тың жобаларды ұйымдастыру жастар қауымының туған ел тарихына құрметпен қарап, алдағы уақытта ғылымға деген көзқарасына зор ықпал ететіні сөзсіз. Алда мұрағат қорларындағы тарихи құжаттармен таныстыру мақсатында арнайы экскурсиялар, көшпелі көрмелер ұйымдастыру, ғылыми институттар жұмысымен таныстырып, саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдармен кездесулер өткізу, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп оқушыларына арналған шағын танымдық кітапшалар шығару, теледидардан, радиодан арнайы хабарлар жүргізу міндеті тұр. Сонымен қатар мұрағат құжаттарының ғалымдарға қолжетімді болуы үшін қордағы бар материалдар негізінде библиографиялық көрсеткіштердің электронды нұсқаларын жасау да уақыт талабынан туындайды.  

Болашақта әрбір тарихи деректің қадірін біліп, оны әлемдік негізде маңызы бар басқа деректермен салыстыра қарастыра отырып, қазақтың ешкімге ұқсамайтын төл тарихын жазу міндеті тұр. Президент ұсынып отырған ғылыми-тұжырымдамалық  ұстанымды жүзеге асыру ісінде музейдің, архивтің, сондай-ақ сан қырлы басқа да деректерге сүйеніп,  ең бастысы басқа халықтардың жетістігімен салыстырып, дүниежүзілік тарихи дамудың заңдылығына сәйкес өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, кең ауқымда жалпыадамзаттық негізде жазылса, құба-құп. Сонымен қатар, Қазақстан елін әлемдік деңгейде таныта білу үшін тарихтың бір нұсқасын ағылшын тілінде жазудың қажеттігіне де зер салған абзал.

Тимур ӘПЕНДИЕВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, PhD

АЛМАТЫ