Ахметжан Ашири 1938 жылы 20 тамызда Алматы облысы Шелек ауданының Малыбай ауылында туған. Панфилов педучилищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алған қаламгер республикалық «Коммунизм туғи» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы ұйғыр әдебиеті секциясының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болды. Көркем шығармамен 1956 жылдан айналыса бастайды.
Алғашқы әңгімелері «Таңғы самал», «Қилы адамдар» жинағына енді. Ал 1965 жылы ауыл жастарының өміріне арналған «Осылай өмір сүргім келеді» тұңғыш повесі жарық көрді. Шығармалары орыс, қазақ, өзбек, украин, қырғыз тілдеріне аударылған. «Өлмейтіндер», «Муқамшы», «Диқан», «Идиқұт» пьесалары республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрында қойылып келеді.
«Еңбекте үздік шыққаны үшін» және «Астана» медалімен, Қазақ КСР-нің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Ильхам» Халықаралық сыйлығының лаураеты, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы.
Шараны ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізді. Іс-шараға Бауыржан Жақып, Сұлтанәлі Балғабаев, Жанарбек Әшімжан, Ахметжан Шардинов, Нұрдәулет Ақышев, Әлімжан Тілеуалды, Рафаэль Ниязбек, Темірхан Тебегенов, Қайрат Дүйсен және т.б. қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шара барысында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов ашып, А.Ашириге «vip» оқырман билетін табыстады.
Кеште ұйғыр тілінде әндер орындалып, А.Ашириге арналған видео фильм көрсетілді. Сондай-ақ оқырман қауымның назарына ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ