Шара аясында кез келген тұрғын өзін мазалаған жайт туралы немесе ұсыныс-пікірлерін тікелей мекеме басшысымен кездесуде талқылай алады. Жылыой ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік мәселелер жөнінде көшпелі отырыс өткізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осындай тапсырма берді. Осылайша халықпен кері байланыс орнатудың жаңа кезеңі жүзеге аспақ.
- Азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаған кезде бізге мектеп, балабақша директорларының жұмысына, медициналық мекемелердің қызметіне шағымданып жатады. Тұрғындар мәселелерін басшылармен тікелей шеше алмайды. Бұлай болмауы керек. Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс механизмін жолға қою туралы тапсырмасы бары баршаңызға белгілі,- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Өңірде мемлекеттік органдардың басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер брифингтерге қатысады, телеарналарда тікелей эфир арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап береді. Енді ақпан айынан бастап әлеуметтік желілерді де осы мақсатқа пайдалану көзделіп отыр.
- Атырау облысы әкімінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілердегі Атырау облысы әкімдігінің ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы апта сайын есеп беретін болады. Бұл - уақыт талабы. Облыс тұрғындары Facebook немесе Instagram желілері арқылы үйлерінен шықпай-ақ тікелей байланыспен сұрақтарын қоя алады, - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев. - Мемлекеттік орган басшылары Live режимде барлық сұрақтарға жауап береді, әлеуметтік желілердің бір артықшылығы, спикерлер эфир уақытына тәуелді емес.
Сонымен қатар, аймақта Telegram қосымшасында чат-канал жұмыс істейді. 7 мыңнан астам адам тіркелген «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы да бар. Билік пен бұқара арасында тығыз байланыс орнатуды мақсат еткен бастама баянды болса игі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ