Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Семей жастары сенімді ақтайды

245 реткөрсетілді

Астана қаласында Елбасы  қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының салтанатты ашылуы рәсімі өтті. Осыған орай Семейде жастардың қатысуымен іс-шараның тікелей бейне көрсетілімі ұйымдастырылды.  Қаладағы барлық жастар ұйымдары, студенттер Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Глинки көшесінде орналасқан ғимаратында LED экран арқылы осы жиынды тамашалады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқандай, алдағы уақытта үздік 10 колледж Қазақстан бойынша жасалатын болады. Ал Семейде де республикаға танымал колледждер бар. Солардың бірі Мұхтар Әуезов атындағы педагогика колледжі, онда Алаш арыстары білім алған. Тағы бір заманауи оқу орны-жұмысшы жастарды дайындайтын Семей электротехникалық колледжі. Колледж директоры Азат Сарпеков те үлгілі жастың бірі.

- Жастардың білімділігі, біліктілігі жағынан Қазақстан әлемде 15-інші орында тұр деп айтқан Елбасының сөзіне риза болдым,-деді Азат Сарпеков,-Қазақстанның болашағы жастардың қолында.  «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деп аталатын жиында жастар үшін ең басты маңызды мәселе білім алу керектігін айтқандығы болды. Президент жиналған жастарға бүгінде барлық саланың өзгеріп жатқандығын, жаңа технологияның заманы келгенін айтты. Цифрландыру жүйесін дамыту, өркениетті елдің қатарына қосылу, міне, осының барлығы жастардың қолында екені рас. «Біз мектепте оқығанда үйімізде теледидар да болған жоқ. Бұл ауылдағы жерлердегі көрініс. Радио енді ғана шыққан. Телефондар дегенді тіпті де білмейтінбіз. Қазір болса әр 10 жыл сайын елде түрлі технологиялар пайда болуда» деген Президенттің сөзі әр жасқа ой салды деп ойлаймын.

Жастар саясатын қолдауға орай Елбасы сөзіне Семей қаласындағы Жастар Ресурстық Орталығының директоры Олжас Соғымбай да өз пікірін білдірді:

- Елбасының бүгінгі тапсырмасы көңілімізден шықты.

Кездесу барысында Елбасы жастар саясатының маңыздылығы туралы айтты.   Елбасы айтқандарын басты назарға алған жастар егеменді еліміздің кемел келешегін, алып мемлекеттер қатарына қосылу жолында қойылған нақты мақсат-міндеттерін құрметтейді. Оларды жүзеге асыру жастардың білімділігіне, одан кейін белсенділігіне тікелей байланысты. Осы орайда айта кетейін, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы тосыннан туындаған құжат емес, бұл осыдан алты жыл бұрын жарияланған «Қазақстан – 2050» стратегиясының ерекше белесі. Біз жастар соны түсініп отырмыз. Рухани жаңғыруға барынша көңіл аударып, тарихын білетін, тілін, дінін түсінетін жас ұрпақты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар  өткізбекпіз. Қазақ елінің ұлт ретінде ұйыса білуінің, ұлтаралық түсіністіктің, төзімділік пен сенімділіктің арқасында биік белестерді бағындырдық. Осы жолы да Елбасы жастарға сенім білдірді. Бұл сенімді біз қалайда ақтаймыз.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте өткен іс-шараға қатысушылар жиын соңында «Біз өз Президентімізбен, өз елімізбен мақтанамыз! Біз талантты жастармыз!» деп ұрандатты.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

Семей

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар