«Кәрі құда» Қазталов өңіріне мырзалығын танытып-ақ бағуда. Екі күн ашық болса, үшінші күні қары мен боранын ала келеді. Бірақ мол қардан ығыр болып жатқан халық жоқ. Ауданда жолдарды тазалау, елді мекендермен байланысты үзбеу бір сәт те тоқтап қалмайды. Бұған ауданның шаруа адамдары да көмек қолын созып келеді. Соның бір айғағы – «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі, 70 жастағы Махамбет Бермағамбетов ағамыз жол талғамайтын көлігі арқылы қыс қаһарын жеңуге үлес қосуда. Ол арнайы шынжыр табан техникасын (тягач) «УАЗ» көлігіне орнатты. Қандай қалың қар болса да бұл техника ешқандай сыр бермейді. Қазіргі күнде Махамбет ағамыз шалғайдағы мал қыстағына осы көлікпен қатынас жасаса, сонымен қатар Қазталов ауылдық округінің басқа шаруа қожалықтарының шаруаларына да көмегін беруде. Сондай-ақ ауылда ағамыздың бұл техникасына сұраныс та көбейіп отыр.
Әсем БОЛАТ
Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы