25 Қаңтар, 2019

Майданға барып қайтқан хаттар кітап болып шықты

991 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық көпшілік кітапханасында өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісовтің «Хаттар сыры» атты кітабының таныстырылымы өтті. Шығармаға Ұлы Отан соғысына бір үйден аттанып, оралмаған төрт азаматтың тарихы, қазақ даласы мен қан майданның арасын жалғаған үшбұрыш хаттар, махаббат хикаясы арқау болған.

Майданға барып қайтқан хаттар кітап болып шықты

Бұл – болған оқиға. Елден майданға, майданнан елге жазылған хаттар да – түпнұсқа. Кітап кейіпкерлері де өмірде болған адамдар. Кітапты ақтарып отырып осы бір әулеттің тағдыр-тарихынан – ХХ ғасырда тұтас қазақ халқының басынан өткен зұлмат-зобалаңды көруге болады екен.

...Нарын құмын жайлаған Мұқаттың Мұхамедияр деген аруақты ұлы 1928 жылы Қазақстанда ірі байлар қатарында алдымен кәмпескеге ілінген 696 байдың қатарында болыпты. Бәлшебектер Мұхамедиярдың бір туған бауыры Қаби Мұқатұлын да аямаған: 1930 жылы өз үйінде ауырып жатқан оны «жасырған ақшаңды бер!» деп сабап өлтірген. Қабидан қалған 4 ұлды әйелі Бәлиза жалғыз жүріп өсіріпті. Бірақ 1941 жылы соғыс басталғанда төртеуі де майданға алынған.

- Қабидың үлкен ұлы Бақтыгерей 1942 жылы 1 қыркүйекте әскерге алынып, 1944 жылы ақпан айында хабарсыз кеткен. Соғыстан бұрын Бәуия деген қызға үйленіп, Сәуле деген қызы болған екен, жастай шетінепті. Бәуия шешей өмір бойы ерін күтіп, жалғызбасты жесір күйінде Жаңақала ауданының Пятимар ауылында қайтыс болған, - дейді кітап авторы Жәнібек Әбілпейісов.

Қабидың екінші ұлы – Дәулеткерейдің тағдыры тіпті аянышты. Сауатты, соғыстан бұрын есепші болып қызмет еткен ол майданда қоршауда қалып, неміс тұтқынына түскен. Кейін тұтқыннан қашып шығып, тобына қосылғанымен, соғыстан соң «саяси сенімсіз» ретінде тұтқындалып, совет түрмесінде қаза тапқан. Осы Дәулеткерейден қалған жалғыз ұл - Ғаділ ғана Қаби әулетінің шежіресін жалғапты.

Қабидың Ғабдыжан мен Ғалымжан атты екі ұлы да соғыстан бұрын Орал облысы Тайпақ ауданында мұғалім болып қызмет атқарған. 1945 жылы «хабарсыз кеткен» Ғабдыжанның соңынан елге, анасына ұлының «Қызыл жұлдыз» ордені келіпті. Әскерде зеңбірекші, аға сержант болған Ғабдыжанның кейінгі тағдыры белгісіз. Кейін, 1985 жылы «Жұлдыз» журналына жарияланған «Нью-Йорктегі қазақтар» атты мақаладан туыстары дәл осы Ғабдыжанды танығандай болған...

Әулеттің кенжесі Ғалымжан 1939 жылы әскерге алынып, 1941 жылы соғыстың алғашқы кезеңінде опат болыпты. Бір таңғаларлығы, осы Ғалымжанға сүйген қызы Мақпалдың елден жазған хаттары сақталып қалған. Бұл хаттарды Ғалымжан қаза тапқан соң жолдастары оның үйіне, анасы Бәлизаға салып жіберсе керек. Бәлиза ана Дәулеткерейдің, Ғабдыжанның, Ғалымжанның үйге жазған хаттарымен бірге «келмей қалған келінінің» де жазбаларын көздің қарашығындай сақтапты. Латын әрпімен жазылған, сарғайған хаттар сол заманның қиындығын, суретін сол күйінде беріп тұр.

- Бұл хаттарда ауылдағы қазақ қызының ұяңдығы, кіршіксіз махаббаты, сол кездегі жастардың сезімі, тіл байлығы анық көрініп тұр. Эпистолярлық жанрдың керемет үлгісі ретінде де қымбат қазына, - дейді «Хаттар сыры» кітабының тұсаукесер кешін жүргізген ақын Сағынтай Бисенғалиев.

Ағайынды Қабиевтердің қилы тарихын баспасөз бетінде алғаш көтерген журналист Есенжол Қыстаубаев елде қалған хат кейіпкерлерін қалай іздестіргені туралы әңгімелеп берді. Кітапханада өткен шараға қатысқан оқырмандардың бәрі де осы хаттарды сақтаған, қан майданға кетіп қайтпай қалған төрт ұлының орнында қалған жалғыз немересін жетілдіріп, одан төрт шөбере сүйіп барып өмірден өткен Бәлиза әженің қайсарлығына, ерлігіне тамсанды. Дәулеткерейдің немересі, Ғаділдің ұлы Ақылбек Дәулеткереевтің демеушілігімен шыққан бұл кітап «күндей күркіреп өткен» сұрапыл соғыстың құрбандарына арналған әдемі ескерткіш болды.

Айтпақшы, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сәдір осы деректі кітап желісімен 6 көріністі драмалық шығарма жазып шыққан екен. Құрылымы қарапайым, халық театрларының өзі сахналай беруге арналған бұл пьеса да Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған тың туынды дер едік. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан