Алматы облысында жоба басталғалы бері 6253 жас маман өңірдегі ауылдарға ат басын бұрған екен. Есеп бойынша 2009 – 2018 жыл аралығында «Дипломмен ауылға» келгендерге жалпы сомасы 785,3 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы берілген. Ал өткен жылы ғана бұл қолдауға 571 жас маман ие болыпты.
Жалпы, 2009 – 2018 жыл аралығында «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушыларға қандай мамандықтар бойынша сұраныс болды? Мәліметтер ең жоғары көрсеткіш білім саласына қатысты екенін айтады. Жетісудың ауылдарына бала оқытуға келген жас мұғалім саны 4328 адамды құраған. Мұнан кейінгі орын медицина саласына бұйырыпты, 1487 дәргер, медбике сияқты мамандық иесі елге оралған. Сондай-ақ, 236 жас маман агроөнеркәсіп кешеніне, 113 адам мәдениет мекемелеріне, 49 жас әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 40 спорт маманы өз болашағын ауылмен байланыстыруға бел буған екен. Айтпақшы, жоба аясында берілген тұрғын үй сатып алу несиесінің жалпы көлемі 7,7 млрд теңге шамасында. Бұл қаржыға 2912 жас маман баспана сатып алды деуге болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзінде «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша берілетін көтерме ақыны 70 айлық есептік көрсеткіштен арттырып, 100 процентке дейін жеткізуді айтқан еді. Қазір Алматы облысының әкімдігі бұл тапсырманы орындауға кірісті. Биыл сұранысқа ие 742 жас маман көтерме жәрдемақыны 176750 теңге мөлшерінде алады деп күтілуде. Мұнан бөлек, тағы 523 адамға 3787,5 мың теңге мөлшерінде 523 маман жеңілдетілген несие беру жоспарланды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы