25 Қаңтар, 2019

Қостанайда былтырдан қалған қаржы биыл әлеуметтік қажетке жұмсалатын болды

505 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда облыс бюджетіне өзгерістер енгізілді. Ол өткен жылғы бюджет кірісінің асыра орындалуына орай және жыл қорытындысынан артылған қаржының өңірдегі әлеуметтік қажеттерге жұмсалуына қатысты болды.

Қостанайда былтырдан қалған қаржы биыл әлеуметтік қажетке жұмсалатын болды

Өткен жылы облыс бюджетінен 2 миллиард теңгеден астам қаржы артылған болатын. Облыстық экономика және жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Шаймарданова артылған қаржының ең көп бөлігі, яғни 822 миллион теңге денсаулық саласына бөлінгенін мәлім етті. Басқарма қызметкері осы қаржыдан қаншасы неге бағытталатынын жілікше шақты. Мысалы, қалалық аурухана үшін цифрлық рентген жүйесі, мобильдік хирургиялық рентген аппараты осы қаржыға алынады, оның сыртында дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін 100 миллион теңге қарастырылған. Облыстық көз аурулары ауруханасына лазерлік аппарат пен Ұзынкөл ауданындағы ауруханаға наркоз аппаратын алу, Қашар кентіндегі жедел жәрдемге бір емес екі көлік пен Қамысты ауруханасына жөндеу жұмыстары да осы қаржының мойнына ілінді.

421 миллион теңге білім басқармасына тиесілі болды. Бұл қаржыға негізінен мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізілумен қатар, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылатын болады. Биыл жастар жылында облыстық жастар саясаты басқармасына да қаржы бөлінді. Оған көптеген жобалар жүзеге асырылады.

Осы қаржыдан Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына да үлес тиді. 400 миллион теңге Арқалық қаласы үшін мазут алуға бөлінді. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл қаржы осы жылыту маусымына ғана емес, алдағы қысқа да жетуі тиіс екенін ескертті. Депуттатар шешімді бір ауыздан қолдады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Egemen Qazaqstan

Қостанай