25 Қаңтар, 2019

Ақтөбе облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 202 өтініш мақұлданды

568 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Елбасының бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысы талқыланды.

Ақтөбе облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 202 өтініш мақұлданды

Жиынды ашқан облыс әкімі жергілікті жауапты мемлекеттік органдардың «7-20-25» ипотекалық несиелеуге, студенттерге арналған жатақхана құрылысы мен елді мекендерді газдандыруға қатысты бастамаларын жүзеге асыру жұмыстарын сынға алды.

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алуға екінші деңгейлі банктерге облыс бойынша 360-қа жуық өтініш  беріліп, олардың ішінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 202 өтініш мақұлданды», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

Сонымен бірге облыс әкімдігі «Баспана ипотекалық ұйымы» АҚ-мен бюджеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары үшін бастапқы жарнаны бағдарлама бойынша 20 пайыздан 10% -ға төмендету туралы келісімге қол қойды, бұл ипотеканы одан сайын қол жетімді етеді.

«Бұл біздің облыстың ҚТҚЖБ-дегі кезекте тұрғандар мен салымшылар саны бойынша көш басындағы үштікке кіретінін, сонымен қатар өткен жылы 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін есептегенде өте аз. Халық арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп, құрылысты салушылармен және бағдарламаның оператор банктерімен бірге тығыз байланыста болу керек»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, бағдарламаны табысты жүзеге асыру мақсатында құрылыс компанияларымен меморандумдарға қол қойылмақ, соған сәйкес жаңа құрылыстардағы пәтерлердің 50 пайызы «7-20-25» бойынша жүзеге асырылады.

Серік Төленбергеновтің студенттер жатақханасын салу бойынша жобалардың жүзеге асырылуы туралы есебін тыңдап шыққан облыс әкімі жоғары және арнайы орта оқу орындарындарының жатақханаларға деген нақты қажеттілігін қайта нақтылауды және жүзеге асырылуға жоспарланып жатқан жобаларды олардың тиімділігіне талдауды тапсырды.

Серік Төленбергенов елді әрі қарай газдандыру туралы бастамаға қатысты биыл облыс бойынша құны 6,06 млрд. теңгенің 19 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оны 2019-2020 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, Хромтау ауданының Тассай және Көкпекті ауылдарын газдандыру жұмыстарын бастап кету жоспарланып отыр. Нәтижесінде 7 мың халқы бар 13 ауылға газ беріледі.

Облыс әкімі әлі күнге дейін газбен жабдықталмаған елді мекендерге газ жүргізудің экономикалық мақсаттылығы мен табыстылығына талдаудың жоқтығына наразылығын білдірді. Бұл құжат өңірді газдандырудың келешегін әрі қарай анықтау кезінде қаражатты тиімдірек жұмсауға мүмкіндік берер еді.

«Мен сіздерге белгілі бір елді мекенге газ жүргізудің тиімділігін есептеуді баяғыда тапсырғанмын. Бұл халық үшін газдың құнына әсер етіп, жобаның құны қымбатқа түспей ме? Мұндай газдың құны халық үшін қысқа жағатын көмір құнынан да қымбат болмай ма? Қай ауылда не пайдаланған жөн – газ ба, электр жарығын ба, әлде қатты және сұйық отын ба? Бүкіл үш бастаманың да орындалуы нашар. Бұл бақылаудың жоқтығы салдарынан»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Жиын жалғасында облыс әкімі мемлекет басшысының еңбекақысы 25 АЕК-тен немесе 63 125 теңгеден төмен қызметкерлердің салық жүктемесін 10 есе төмендету жөніндегі бастамасының жүзеге асырылуын жалғастыруды тапсырды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева: «Аталмыш салық жеңілдігіне 92 мыңнан астам адам ие болды. Нәтижесінде олардың жалпы кірісі 1,6 млрд теңгені құрайтын болады»,- деп жеткізді.

«Ешкім есепсіз қалмас үшін ең төмен еңбекақы өсімін де бақылауда ұстау қажет. Еңбекақысын көтеруді қажет ететін әрбір адам оны алуға тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов несиелеуді кеңейту бастамасының жүзеге асырылуы жөнінде есеп берді. Былтыр шағын және орта бизнес үшін шағын несиелеуге 4,9 млрд. теңге бөлінген. Қаражаттың көп бөлігі, атап айтқанда 3,9 млрд. теңге ШОБ субъектілеріне, ауылда жұмыс істейтіндерге берілді. Жалпы, Ақтөбе облысы жыл қорытындысы бойынша ҚР өңірлері арасында шағын несиелеу қаражатын игеруде көш басына шықты. Ауқымды мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ШОБ-тегі өндіріс өсімі 121% құрады, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызға жетіп, 3,2%-ға өсті»,-деп атап өтті Қ.Бекенов.  Қоса кетейік, осы жылы ШОБ-ті шағын несиелеуге 5,1 млрд теңге аударылмақ.

«Елбасының барлық тапсырмалары уақытында әрі сапалы орындалу керек. Біздің облыс өз резервтерін толық пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан бірінші кезекте, «7-20-25» бойынша жұмысты «Баспанамен» және қала әкімдігімен бірге күшейтуді тапсырамын. Жатақханалар бойынша нақты қажеттілікті анықтау керек. Шағын несиелеу бойынша жұмыс, жалпы, жаман емес. Бірақ мұнда пайдаланылмаған резевтер де бар, әсіресе халықаралық гранттарды тартуда. Бастамаға барынша жастарды тартыңыздар. Әрбір ақтөбелік жас мәселен, баспаналы болып, өз ісін ашып, мемлекет қолдауын алып және тағы да басқаша осы жылдың артықшылығын істе сезінуі керек. Барлық бастаманың жүзеге асырылуын үнемі бақылауда ұстаңыздар»,-деді сөзін түйіндеген облыс әкімі.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»