Тапсырманың барлығы жастар аса зәру 4 саланы қамтиды – білім алу, жұмыс, баспана мен отбасын құруға жағдайдың болуы. Өзгесін айтпай-ақ назарымды аудартқан жаңалық – шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет деді. Одан бөлек Үкіметке «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсыруы. Бұл жастардың кәсіпкерлікпен айналысу ынтасын арттырып, оларға мүмкіндік туғызу, білім мен білік бәсекелестігі дендеген заманауи жағдайда аса қажетті қадамдар екені маңызды.
Тағы бір ерекше ынтызарлықпен қабылдаған жаңалығым, волонтерлықпен айналысатын студенттердің стипендиясын 30 пайызға көтеруді Үкіметке тапсыруы. Меніңше, өте қажетті бастама. Барша әлемде жастардың өмірден өз орнын тауып, кірпіш болып қалануы олардың әлеуметтенуіне байланысты. Қоғамдық жұмысқа араласып, ерікті ретінде қоғам игілігі үшін ізгі амалға көп барған жан ең алдымен елге жанашыр.
Әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындары оқуға қабылдарда жас азаматтың волонтерлықпен қаншалықты айналысқанына зор мән береді. Журналист әрі педагог ретінде көңілімді серпілткені – Президенттің іргелі және қолданбалы ғылымдар зерттеулерін гранттық қаржыландыруды 3 миллиард теңгеге көбейту туралы Үкіметке тапсырмасы.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының аға сарапшысы