Өткен жылдың 4-желтоқсанында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры лауазымына жарияланған конкурсқа 9 ғалым қатысқан болатын. Барлық тиісті сынақтардан кейін республикалық комиссия жасырын дауыспен университет ректорын анықтады. Таңдау Алма Досжановаға түсті.
Алма Іргебайқызы Досжанова – профессор, облыстық мәслихат депутаты, онда бюджет, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңестің мүшесі, Парламент Мәжілісінде ҚР «Блім туралы» заңы жобасы бойынша сарапшылар тобының мүшесі болған.
Алма Іргебайқызы Қостанай облысындағы бұрынғы Ленин ауданында туған. Арқалық қаласында мектепті бітірген, Қостанай ауыл шаруашылығы институтынан экономист мамандығы бойынша білім алды. Осы оқу орнында кіші ғылыми қызметкер бола жүріп, 2000-шы жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 2004 жылы «Инновациялық-кеңес орталығы» қоғамдық бірлестігін құрды. Қостанай политехникалық жоғары колледжін басқарды. Онда жүріп бірнеше табысты жобаларды жүзеге асырды: Ресей, Франция, Германия, Финляндия, Солтүстік Кипр, Туркия жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық орнатты. Басқа да өзектілігімен құнды жобаларды жүзеге асырды.
Сонымен қатар Алма Іргебайқызы басқарған жоғары политехникалық колледж техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер арасында облыс және республика бойынша үздік колледж деп мойындалды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Egemen Qazaqstan
Қостанай