Қазақстан • 25 Қаңтар, 2019

Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастық нығая береді

770 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары Ерболат Досаев Швейцария Конфедерациясының Экономика, білім және ғылым министрі Ги Пармеленмен Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жыл сайынғы 49-шы сессиясы шеңберінде кездесті. Кездесуге Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Жанар Айтжанова мен Швейцарияның Экономика жөніндегі мемлекеттік хатшылығының Екіжақты экономикалық қатынастар департаментінің басшысы, Елші Эрвин Боллингер қатысты. Бұл туралы СІМ хабарлады.

Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастық нығая береді

Кездесу барысында швейцариялық Министр қазақ-швейцар қатынастарының деңгейін және екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық дамуын жоғары бағалады. Швейцария Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі екені мәлім. 2018 жыл қорытындылары бойынша қазақ-швейцар тауар айналымының көрсеткіші 2,5 млрд. доллардан асты. Отандық нарықта 40-қа жуықтаған швейцариялық компаниялар, оның ішінде қаржы институттары, химия-фармацевтикалық және құрылыс концерндері бар.

Өз кезегінде Е. Досаев, «Белдеу мен жол» бастамасы мен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық әлеуетімен таныстыруды қамтыған, 2018 жылғы шілдеде швейцариялық делегацияның Қазақстанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында сауда-экономикалық әріптестіктің белсендеуіне деген үмітін білдірді. Премьер-Министрдің Орынбасары швейцариялық компанияларды «Нұрлы Жол» шеңберіндегі жобаларды іске асыруға шақырып, Қазақстанда инвесторлар үшін ұсынылатын салықтық жеңілдіктердің кең жиынтығын атап өтті.

Г. Пармелен Швейцария тарапының қазақ-швейцар ынтымақтастығының, соның ішінде екіжақты келісімшарттық негізді кеңейту арқылы нығаюына деген жоғары қызығушылығын растады. Министр Асыл металлдардан жасалған өнімдердегі ресми таңбаларды өзара мойындау туралы келісім мен Қызметтер саудасы туралы келісім жобалары жөніндегі келіссөздердегі едәуір прогресті атай келе, аталған құжаттарға қол қою өзара сауда айналымы мен Қазақстанның қызметтер секторына швейцариялық компаниялар тарапынан инвестицияларды арттыруға мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Осы ретте, сұхбат барысында тараптар 2019 жылы жоспарланған Қазақ-швейцар сауда-экономикалық комиссиясының кезекті отырысының мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Премьер-Министрінің Орынбасары Е. Досаев бастаған қазақ делегациясының 22-23 қаңтарда Швейцарияға жасаған жұмыс сапары шеңберінде ДЭФ-тың ресми, ғылыми, қаржы және коммерциялық орталарынан бірқатар қатысушыларымен кездесулер өткізді.