Аймақтар • 25 Қаңтар, 2019

Жәнібек ауданында 4 көлік, 23 адам қар құрсауынан құтқарылды

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында қарлы боран басылар емес. Әсіресе өңірдің Жәнібек, Қазталов аудандары бағытында жол қатынасы жыл басталғалы қиындық тудырып тұр.

Жәнібек ауданында 4 көлік, 23 адам қар құрсауынан құтқарылды

«Өткен түнде Жәнібек ауданында қар құрсауынан 4 көлік пен 23 адам құтқарылды» деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.

Осының алдында ғана БҚО ТЖ департаменті өңір тұрғындарының ұялы телефонына қауіпті ауа-райына байланысты облыс аумағындағы бірқатар автожолдарда көлік қозғалысы жабылғанын хабарлаған болатын. Бұл жыл басынан бері ТЖ таратқан 56 смс-хабарлама екен.

«Өкінішке қарай автокөлік иелері құтқарушылардың ескертуіне құлақ аспайды. Сөйтіп жол бойында түрлі қиындыққа ұшырайды» деп наразы болады төтеншеліктер.

Бірақ өмірде неше түрлі оқиға кездеседі. Қыстың көзі қырауда адамдар еріккеннен жолға шығып, тәуекелге бас тікпейді ғой. Кейінге қалдыруға, үйде жатуға келмейтін жәйттер болады.

24 қаңтар күні 16.30 мен 23.45 аралығында Ақоба-Жәнібек ауылдары арасынан 2 жеңіл автокөлік, 2 «УАЗ»-ды төтеншеліктер құтқарды. Айта кетейік, биылғы қыстың, қалың қардың қиындығын осы жәнібектіктер көріп-ақ жатыр. Екі күннің бірінде соққан боран елдімекендер арасындағы жолдарды жиі жауып, қарым-қатынасқа кедергі келуде. Бұл ауданға жол тазалауға көмектесу үшін Оралдан бірнеше арнайы техника, қуатты тракторлар жіберілген.

25 қаңтарға қараған түн ортасында «Жымпиты-Ақсай» жолының 10 шақырымында күре жолдан тайып, жиектегі қарға батып қалған көлікті де Сырым ауданындағы №12 өрт сөндіру бөлімі мен төтенше жағдай бөлімі қызметкерлері құтқарып алған. Бір тәуірі, құтқарылған азаматтардың ешқайсысы да дәрігерлік көмекке мұқтаж емес.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында төтеншеліктер жол бойында 184 көлік пен 201 адамды құтқарған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан