26 Қаңтар, 2019

Алматы облысында екі бағытта ақылы жол іске қосылды

1212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Бүгіннен бастап Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас бағытындағы автокөлік жолы жолаушыларға ақылы қызмет көрсетуге көщті.

Алматы облысында екі бағытта ақылы жол іске қосылды

Атап айтқанда, енді көлік жүргізушілері Алматы қаласынан Қапшағай қаласына дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өткені үшін 200 теңге көлемінде ақы төлейтін болды. Бұл сома ақшаны төлемақы қабылдау жүйесіне қолма қол төлеген кездегі баға, ал төлемақыны алдын ала төлеу арқылы жүзеге асырған жағдайда жол құны – 100 теңге.

Дәл осындай әдіс Алматы қаласы мен «Қорғас» шекара маңы нтыымақтастық орталығы аумағына дейінгі көлік дәлізіне де қолданылады. Көлік иесі Қорғасқа дейінгі 295 шақырым жолды жүріп өткені 600 теңгені қолма қол төлеуі тиіс Ал ақылы жол үшін алынатын құнды алдын ала төлеп қойған жағдайда ол екі арзанға түсіп, 300 теңгені құрайды.

- Төлем қабылдау жүйелерінің жетілдірілуі адамдарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр. Әрі бұл жүргізушілердің қаржысын үнемдеуге де қолайлы. Мысалға, Қапшағайға дейінгі жолақы құны қолма қол төлеген кезде 200 теңгені құрады. Ал Қорғас бағытындағы жүріс ақысы – 600 теңге. Бағаны Үкімет бекітті. Бірақ, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін бұл бағаны арзан төлеудің жолын ұсынады. Ол үшін екі араға жиі қатынайтын көлік иесі кез келген төлем терминалдарынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясының шотына көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін көрсету арқылы белгілі мөлшерде ақша аударып қоюы керек. Әрі мұндай жағдайда төлеу қабылдау бекетінде аялдап, тексеруден өтудің де қажеті болмайды. Бекеттегі арнайы бейнебақылау құрылғысы көлік нөмірін автоматты түрде танып, машинаның кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді, - деді мәселеге орай түсінік берген «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Мәулен Әліпов.

Сондай-ақ, «Қазавтожол» компаниясының алдын ала төлем қабылдау жүйесіне терминалдардан бөлек, интернетбанкинг арқылы да ақша аударуға болады. Және бекеттерде қолма қол ақша төлеумен бірге смартфонның көмегіне жүгініп, жол жұру құнын өтеуге мүмкіндік бар. Бұл жерде біз айтқан жол құны тек жеңіл автомобильдерге арналған баға, ал жүк көліктері үшін тариф басқаша есептеледі екен. Қазір Алматы – Қорғас тас жолының аяқталар тұсына да төлем қабылдау бекеті салынып, қолданысқа берілді. Бұл екі бағыттағы көліктердің жүріп өткен қашықтығын өлшеп, ақылы жол аймағын қолданғаны үшін төленетін бағаны есептеп шығаруға мүмкіндік береді.

- Ал Қапшағайға дейінгі жолды пайдалану құнын жүргізушілер Алматы қаласына кіреберісте қойылған бекетте төлейді. Көліктердің қанша қашықтықты жүріп өткенін жол бойындағы бейнекамера тіркеп, есептеп шығарады. Болашақта ақылы жол Талдықорған қаласына дейін ұзартылып, облыс орталығы маңына төлем қабылдау бекеті салынады, - дейді «Қазавтожол» компаниясының өкілі.

Дәл осы жерде «Ақылы жол аумағында қоныстанған елді мекендердің тұрғындары ішкі қатынас үшін ақы төлеуге мәжбүр бола ма?» деген сауал туады. «Қазавтожол» мекемесінің өкілі бұл мәселенің шешілгенін айтады.

- Ақылы жол аумағының тұрғындары үшін бір жылдық төлем картасын ұсынып отырмыз. Мұның құны 1000 теңге шамасында. Картаға көлік туралы мәлімет енгізіледі. Сол арқылы ақылы жол аумағында кедергісіз жүріп-тұруға болады. Ал қоғамдық көліктерге, автобус пен «Жедел жәрдем» машиналарына бұл жолда жүру тегін, -  деді Мәулен Әліпов.

Жалпы, Алматы маңындағы автобандардың қызметін ақылы бағытқа көшіру үшін 1 млрд 300 миллион теңге мемлекет қаржысы жұмсалған. Жол мамандары бұл қаржы аз уақыт аралығында өтеліп, ақылы жолдан түскен қаржы көлік дәлізінің сапасын жақсартуға бағытталатынын айтады.

Айтпақшы, ақылы жол жүйесі бүгінде әлем бойынша кең қолданысқа еніп, түскен қаражат ел экономикасын арттыруға жұмсалады. Мысалға, Еуропада жаз мезгіліндегі жол жүру картасының құны, салмағы 3,5 тоннаға дейінгі көліктер үшін 88 еуро шамасында екен. Ал Қазақстанда бұл жүйе алғаш 2013 жылы қолданылып, Астана – Шортанды бағытындағы тас жол ақыл қызмет көрсете бастады. Бүгін Алматы – Қапшағай – Қорғас бағытындағы жолдан бөлек, Астана – Теміртау бағыты да іске қосылды. Яғни, еліміздегі ақылы жолдың ұзындығы 471 шақырымға созылды. Болжам бойынша, 2020 жылға дейін  тағы 6,6 мың шақырымдық республикалық маңыздағы жол ақылы қызмет көрсетуге көшеді.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы