26 Қаңтар, 2019

Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы жаңа мүмкіндіктері айқындалды

1162 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық Азияның бес мемлекетінен, Еуропалық комиссияның және Еуропалық Одақтың бірнеше мемлекеттерінің үкіметтік делегациялары 24-25 қаңтарында Өзбекстан астанасында өткен «Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық платформасы» атты 6-шы ЕО – ОА жоғары деңгейдегі конференциясына қатысты.

Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы жаңа мүмкіндіктері айқындалды

Еуропалық Одақ, Италия және Өзбекстанның төрағалығымен өткен конференция барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету және су ресурстарын ұтымды пайдаланудағы өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

ҚР энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдерінен құралған Қазақстан Республикасы делегациясының атынан сөйлеген сөзінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерлердің салдарын жұмсарту бойынша белсенді шаралар қабылдағанын және еліміздің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында «жасыл» экономикаға өтудің мақсаты көрсетілген. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жалпы энергия тұтынудың жартысынан кем болмауы тиіс. Стратегияның мақсаттарын іске асыру үшін Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ оны іске асыру жоспары қабылданды. Ол жаңа форматқа көшу, қоршаған ортаға ауыртпалықты азайту және табиғи ресурстардың тозуын азайту үшін терең жүйелік өзгерістерге негіз болады, - деп атап өтті дипломат.

Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуі және еліміздің  «жасыл» технологиялар мен озық шешімдерін енгізу жоспарларына ерекше назар аударылды. «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізінде жұмыс істейтін «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың қызметі таныстырылды. Қазақстанда «ЭКСПО-2017» нәтижесі бойынша қазірдің өзінде Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында «жасыл» технологияларды енгізудің жүзеге асырылуы және жақында ғана Қарағанды қаласының маңында Орталық Азиядағы ең ірі SES Saran 100 мегаватт күші бар күн электр станциясының қосылғаны мәлімденді.

Сөз сөйлеудегі басты жолдау «барлық мүдделі тараптарды Орталық Азиядағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша дәйекті бірлескен күш-жігер жұмсауға шақыру» болды, әсіресе климаттың одан әрі жылынуы, мұздықтардың еруі мен аймақтың негізгі өзендерінің ағынын азайту бойынша болжамының тұсында.

Осыған орай, форум қатысушыларының назарына Аралды құтқару бойынша халықаралық қорының негізін қалаушы мемлекеттер басшыларының өткен жылғы тамызда өткен саммитінде Қазақстан Республикасы Президентінің негізгі бастамалары ұсынылды.  

2018 жылы қазан айында Астана қаласында БҰҰ ЕЭК Хельсинки Конвенциясы Тараптарының 8-ші сессиясының өткені туралы аталып өтті. Іс-шараның қорытындысы бойынша трансшекаралық бассейндерде мониторинг, бағалау және ақпарат алмасуды қолдау және Трансшекаралық сулар саласындағы ынтымақтастықты қаржыландыруға жәрдемдесуге бағытталған Конвенцияның 2019-2021 жылдарға арналған жұмыс бағдарламасы қабылданды. 2019-2021 жылдары Қазақстан Трансшекаралық өзендер туралы конвенция бюросына төрағалық етеді. Алдағы төрағалық трансшекаралық су ынтымақтастығын ынталандыруға және дамытуға, сондай-ақ Конвенцияның нормаларын, соның ішінде Конвенцияға мүшелік етуді кеңейту арқылы қолдау көрсетуді көздейді.

Сондай-ақ, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану саласында Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға еуропалық тараптың елеулі үлесі, оның ішінде 2017 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін Халықаралық су бағалау орталығының қызметін қолдау арқылы жүзеге асырылуы атап өтілді.

Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысқан Форум жұмысының қорытындысы бойынша  «Қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық туралы ЕО-Орталық Азия платформасының» қорытынды ережесі бекітілді. Құжатта климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғаудың ұлттық жүйелерінің тиімділігін арттыру және аймақтағы суды басқару сияқты салаларда Еуропалық Одақтың көмегі арқылы өңір елдерінің ынтымақтастығының нақты бағыттары айқындалады.

Р. Василенко Ташкентте болған сапарында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ділшод Ахатовпен және Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Бурианмен кездесулер өткізді.

Д.Ахатовпен кездесуде соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді және екі елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың әріптестікті одан әрі нығайтуға және тауар айналымын 2020 жылға қарай 5 млрд. теңгеге дейін арттыру жөніндегі нұсқауларының орындалуына қатысты бірқатар мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша жан-жақты пікір алмасу, оның ішінде ЕО-мен өңірлік форматта өзара әрекеттесу де қозғалды .

П. Бурианмен болған кездесуде әңгіме Қазақстан мен аймақтың басқа да елдерінің қатысуымен әзірленген Орталық Азиядағы ЕО-ның жаңа Стратегиясын дайындаудың соңғы кезеңдеріне қатысты болды. Осы жылдың жаз айларының басында бекітілуі көзделген жаңа құжатта қоршаған ортаны қорғау және трансшекаралық суды пайдалану саласындағы ЕО-ның аймақтық жобаларын іске асыру назарға алынатын болады. Тараптар 2019 жылдың бірінші жартысында жоспарланған өңірлік форматтағы іс-қимыл жоспарын талқылады.

Сонымен қатар, әңгімелесушілер Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі бірлескен күш-жігерді талқылады. Биылғы жылы 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан Ауғанстанға арналған қазақстандық білім беру бағдарламасының негізінде Қазақстан мен Өзбекстан Республикасындағы ауғандық қыздарды Еуропалық Одақтың қаржылай көмегімен оқытудың бірлескен бағдарламасының бірінші кезеңі болады. ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілі Федерика Могерини осы бағдарламаны 2018 жылдың қыркүйегінде 2 миллион еуро көлемінде дамыту жөнінде жариялаған болатын.