26 Қаңтар, 2019

Ақын Жүрсін Ерманның көптомдығының тұсаукесері өтті

1001 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерманның бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері болып өтті.

Ақын Жүрсін Ерманның көптомдығының тұсаукесері өтті

Ақынның көптомдығының алғашқы екі томына өлеңдері, үшінші томына өзінің түрлі тақырыптарға, жеке тұлғаларға арналған эсселері жинақталған, төртінші томына Ж.Ерман туралы жазылған мақалалар топтастырылған, ал бесінші томы ақынмен құрылған сұхбаттарға арналған. Жинақтар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Алматыдағы «Сардар» баспа үйінен жарық көріп отыр.

Әдебиет көшіне қосылып отырған көптомдықтың тұсаукесері шарадан гөрі шағын шығармашылық кеші секілді ұйымдастырылуы оның мазмұнын да, маңызын да арттыра түсті. Әдеби кешке жиналған қауым алдымен ақын туралы, оның поэзияға қосқан парасатты өлеңдерінің қуаты, жалпы шығармашылық жолы мен өмірі жайлы бейнефильм ташалады.

Кешті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан жүргізіп отырды. Ол кештің мазмұнына тоқталып, шайыр шығармашылығының ерекшелігіне, әдебиетке әкелген жаңалығына жан-жақты шолу жасады. Беташар сөзді алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жаңа кітаптардың жарыққа шығуымен құттықтап, ақынның қазақтың айтыс өнерінің жаңа мектебінің қалыптасуына қосқан үлесін, жалпы әдебиеттегі орнын  саралап, оқырманы ретінде оң бағасын берді.

Қыздар педагогикалық университеті студенттерінің ақын өлеңдерінен құралған композициясы ақын туралы жүрекжарды лебіздерге, оның сөзіне жазылған әндерге ұласты. «Сейхун» тобы Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған Жарылқасын Дәулетовтің «Жалғыз ұлым», Сүлеймен Ибрагимовтың орындауындағы Алтынбек Қоразбаевтың «Бақанас жердің – байтағы», «Сыңарым» атты әндер әдеби кештің ажарын аша түсті. КСРО халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, ақын, аудармашы Қуанышбай Құрманғалиев, палуан, Олимпиада жеңімпазы Дәулет Тұрлыхановтар ақын туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Арда өнерді ардақтап, талай талантты ақынның тұсауын кескен Ж.Ерманның  әдеби кеші бір үзік айтыс үлгісін көрсетпей өте алмасы анық. Танымал айтыс ақындары Балғынбек Имашев, Рүстем Қайыртайұлы, Болатбек Оразбаев, Жандарбек Бұлғақов, Мұхтар Ниязов сияқты дүлдүлдер айтыс өнерінің көшін өрге сүйреп келе жатқан жанашыр тұлғаға жырдан шашу шашып, кешке жиналғандарды шабытты өлең өрнегімен бір желпіндіріп тастады.

Естеріңізге сала кетсек, ақынның бұған дейін  «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Асыл Ажар», «Ұларың қайда Ұлытау?» атты кітаптары жарық көрген болатын.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ