Жыл басынан бері полицейлерге үй тонау мен мал ұрлығына қатысты шағымданушылар легі артқан көрінеді. Обалы не керек, тәртіп сақшылары тарапынан жедел әрекет жасалып жатыр. Олар жаңа жылдан бері суық жүріс пен ұрлықты кәсіп еткен бірнеше қылмыстық топты әшкерелеген. Сондай-ақ, барымтаға кеткен малдың басы табылып, иесіне қайтарылғаны жайыл да жағымды хабар бар.
Жақында Іле ауданы Қараой ауылының тұрғыны қорасындағы 13 бас жылқының қолды болғанын айтып, ішкі істер бөліміне шағымданған екен. Із кесушілер жедел қимылдап, күдіктіні тапты. Ол 47 жастағы сол ауылдың тұрғыны болып шықты. Ұзамай жоғалған жылқының ізі шығып, көрші облыс аумағына асып кеткен 13 бас жылқы дін аман қалпы кері қайтарылды.
- 16 қаңтарда Қарой ауылының тұрғыны Іле аудандық ішкі істер басқармасына 13 бас жылқысының ұрланғанын айтып, 3 миллион 250 мың теңге шығын шеккені жайында арыз берген болатын. Полиция тарапынан жедел әрекет жасалып, 20 қаңтарда күдіктіні ұстадық. Жоғалған жылқы табылды. Қазір ол адамның үстінен тергеу басталып, басқа да мал ұрлығына қатысы бар-жоғы тексерілуде, - дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы