Аймақтар • 27 Қаңтар, 2019

Шығыс Қазақстанға 2018 жылы оңтүстік өңірлерден 608 отбасы көшіп келді

840 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасында ерекше маңыз берілген ішкі көші-қон үдерісін реттеу, еңбек ресурстарының теңгерімдігін арттыру міндеттері Шығыс Қазақстан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Шығыс Қазақстанға 2018 жылы оңтүстік өңірлерден 608 отбасы көшіп келді

Облыс елден жырақтағы қандастарымыз бен еңбек күші жеткілікті өңірлердің тұрғындарын көшіріп әкелу жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Мәселен, 2018 жылы аймаққа 1816 адам (608 отбасы) көшіп келіпті. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен Шығысқа қоныс аударған тұрғындардың мамандықтары - қазақ және ағылшын тілдері, денешынықтыру және еңбек пәндерінің мұғалімдері, психологтар, дәрігерлер, бухгалтерлер, электромонтерлар, ветеринарлар.

Қазіргі уақытта облысқа қазық байлаған 483 еңбекке жарамды адамның 364-і өздеріне жұмыс тауыпты. Жергілікті билік олардың арасындағы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға ойларын іске асырулары үшін 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) дейін гранттар бөлуде. Грантқа қолы жеткен облыстың жаңа тұрғындарының бірі пеш сатып алып, тандыр пісіруге кіріссе, екіншісі қонақ үй мен дәмхананы жалға алып, шаруасын дөңгелетуде. Мемлекет көшіп келушілерге қоныс аудару шығындары мен баспана сатып алулары үшін субсидия береді. Олар үшін арнайы тұрғын үйлер де салынуда.

Мәселен, Шемонаиха ауданында өткен жылы көшіп келушілерге 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша жергілікті оқу орындарын 208 студент тәмәмдайды. Бағдарлама шартына сәйкес оқу орнын бітірген түлектер біздің облыста үш жылдан кем емес мерзім еңбек етулері тиіс. «Біз бұл мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауымыз қажет. Облыстың шалғайдағы шекаралық аудандарынан адамдар көшіп жатыр. Ол жақтарға жұмыс күші керек. Ал оңтүстікте біздің жаққа көшіп келуге даяр отырған адамдар бар. Біз оларды өзімізге тартуымыз қажет. Мұның ешқандай саяси астары жоқ, қалыпты экономикалық, урбанизациялық үрдіс. Оңтүстік өңірлерде халық аса тығыз қоныстанған. Инфрақұрылым нысандары – мектептер, балабақшалар жетіспейді.  Осы ретте теңгерімді қамтамасыз ету үшін еңбек ресурстарын дұрыс бөле білу қажеттілігі туындайды»,- дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.  

Қазақстанда еңбек күші артық өңірлер қатарына Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда  облыстары және  Шымкент қаласы кіреді.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы