28 Қаңтар, 2019

17 күнде 43 SMS таратты

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биылғы қыс боранды-қарлы болып тұр. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері боранды алдын ала ескерту және автокөлік жолдарының жабылғанын тұрғындарға жеткізу үшін 43 мәрте SMS-хабарлама таратқан. 

17 күнде 43 SMS таратты

«Қазгидромет» РМК БҚ филиалынан түскен ақпараты бойын­ша қардың орташа қалыңдығы былтырғымен салыстырғанда әжептәуір жоғары. Әсіресе әдетте қысы жайлы өтетін оңтүстіктегі Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары биыл қыс қиындығын, жол азабын тартып жатыр. Мысалы, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында былтыр қар болмаса, биыл оның қалыңдығы 28-36 см-ге жеткен.  

– Қыс мезгілінде респуб­ли­ка­лық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге қажетті жанар-жағармай қоры 850 тоннаға жуық көлемде жасақталды. Тай­ғақ жолға қолдану үшін 20 мың тоннаға жуық құм, 3 мың­ға жуық тұз және 8 мың тонна­дан астам құм-тұз аралас қоспа да­йындаған едік. Қазір халық игі­ліне асып жатыр. Қыс мезгілінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге 357 жол техникасын жұ­мылдырып, 17 жылыту пунк­ті ұйымдастырылды, – дейді Ба­тыс Қазақстан облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті төтен­ше жағдайлардың алдын алу бөлі­мінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Марс Отаров. 

Алайда осы шараларға қара­мастан жыл сайын республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда қар құрсауында қалып қоятын автокөлік көп. Мысалы, осы қыста ТЖ департаменті, жол қызметі мен полиция қызмет­керлері және жергілікті әкімдіктер кү­ші­мен жолда қалған 94 техника мен 173 адам құтқарылған. Мұ­ның себебі арнайы жоғары өтімді техникалар жетіспейді. «ҚазАвтоЖол» РМК филиалының арнайы техникамен қамтылуы небәрі 50% шамасында ғана екен. «Аталған қызметте үлкен жүк көліктерін сүйрейтін арнайы техникалар жоқтың қасы», дейді Марс Отаров.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы