28 Қаңтар, 2019

Ұлы даланың жеті қыры: Тарихи сананы жаңғырту

1970 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ұлы даланың жеті қыры: Тарихи сананы жаңғырту

Тарихи сананы жаңғыртады

Менің ойымша, мақаланың тарихи-философиялық мәні – «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» делінген терең тұжырымда жатыр. Бұл ретте Елбасы «уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғыс­қан кезде ұлт тарихының басталатынын» дөп айтқан. Осы байлам негізінде елдің тарихы дегеніміз әр кезеңде өмір сүрген кез келген адамның санасында уақыт пен кеңістіктің бейнеленуі болып шығады. Егер «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға қол қойсақ, адами капиталдың маңыздылығы сүт бетіне шыққан қаймақтай айқын көрінеді. 

Мақаланың бірінші бөлігін­де Елбасы әлемдік өркениетке қо­мақ­ты үлес қосқан ұлт өр­кениетінің жеті қырына тоқ­талады. Осы арқылы тарих пен мәдениетіміздің тамырының тым тереңде жатқанын қолмен қойғандай көз алдымызға әкеледі. Бұған қоса, әлемдегі түркі тектес халықтардың түп Отаны – Қазақстан екенін байыппен баян­дайды. Әсілінде, мұрагерліктің бізге зор жауапкершілік жүктей­тінін әрқайсысымыз ұдайы сезі­ніп жүруге міндеттіміз.

Мақаланың екінші бөлімін­де тарихи сананы жаңғыртуға қатыс­ты тың жобалар ұсынған. Олар «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемнің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технология­лар музейі», «Дана фольклоры мен музейінің мың жылы», «Тарихтың кино өмірі мен теле­визиядағы көрінісі» деген атаулармен берілген.

Осы атауларға қарап-ақ, Елба­сының ұлт руханиятына деген шексіз қамқорлығын сезінуге болады. Аталған жобалар үздіксіз рухани дамуымыз арқылы жаңа мәдени сатыға көтерілуімізге баға жетпес тарихи мүмкіндіктер тудырып отыр.
Осы басым бағыттар мен дала өркениетінің қасиетті қырларын нақты жобалар арқылы іске асыру алдағы ортақ міндетіміз болмақ. Ұлт руханиятын кемелдендіре­тін, әр­кімнің өр рухын оятатын осын­­дай міндеттердің негізін­де хакім Абайдың «Толық адам», Шәкәрім қажының «Ар ілімі», Ж.Баласағұндай данамыз­дың «Жо­март­тық», Қ.А.Ясауи баба­мыз­­дың «Хал ілімдері» жатса құба-құп.
Мақалада көрсетілген бағыт­тар мен жобаларды іске асыру­дағы басты мақсат – бірнеше том кітаптар шығару ғана емес, алдымен ізденіс жұмыстарын кешен­ді жоспарлау, нақты қаражат көзін анықтау, алынған тарихи-ғылыми және көркем туындыларды заманауи сандық форматта халықтың рухани қажетіне ұсыну болса керек. Киноның көрермені, кітаптың оқырманы көп болғаны абзал.
Егер кез келген туынды әрқай­сысымыздың рухани қажетімізге жарап жатса танымымыз өсіп, тұғы­­рымыз нығая түсер еді. Бір­лігіміз күшейіп, тірлігіміздің ажары кірер еді деген сенімдемін.

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры

Қызылорда облысы

Қазақ халқы – мәдени қуаты бар халық

Әдетте, өркениет көшіне ілесе алмай, даму жолының күресі­нін­де қалған халықтар өздеріне қарағанда әлдеқайда озық елдерден үлгі алып, солардың соңынан ілесіп, тал қармағандай болады. Бірақ бұл модерндік үлгідегі даму жолының бүгінгі таңда ескіріп, іске жарамсыз жағ­­дайға жеткені күн өткен сайын айқындалып келеді. Суб­мә­дени нигилизмге бел­шесінен бат­қан Батыстың, діни фанатизм шең­берінен шыға алмаған Шы­ғыс­тың өзге түгілі, өзіне үлгі бола алмайтынын уақыт дәлелдеп берді. Ендігі кезекте әр халық өзінің мәдени мұрасына, ұлттық танымына, рухани қазынасына көңіл аударып, соны малданып, тар жолда қолына ұстаған шам­шыра­ғына айналдыруы – уақыт талабы, сондықтан әлемдік озық тәжірибелерді өз елімізде іс жүзінде пайдалануда халықтың ұлттық сана ерекшелігімен сана­суға тура келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тамыры тереңде жатқан қазақ халқының тарихын жаһандық тарихнамаға нақ­ты ғылыми дәйектермен ен­гізу­ді мақсат тұтады. Өрке­ниет көшін­де өзіндік позиция­сын бекі­те бастаған қазақ халқы­ның есебі түгел болып, бәсі төмен­­демесі рас, себебі қазақ хал­қы – ғасыр­­лар қойнауынан бас­тау ала­­тын мыңжылдық тари­хы, кеме­ліне жеткен бай тілі мен мәде­ни қуаты бар халық. Осы­ның барлығы қазақ халқы­ның жаһандану үрдісі өршіген заман­да қорған болар ұлттық иммуни­тетіне айналатынына сенім тудырады. 

«Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы жарық көрген күннен бас­тап, Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі де қызу жұмысқа кірісіп кетті, осы уақытқа дейін әдеби-мәдени мұраны жаңғырту, на­си­хаттау мақсатында талай іс-шараға мұрындық болып келді: өңіріміздегі бірқатар жас ақындарға шығармашылық қол­дау көсетіп, әдеби кештерін, қыл­­қалам шеберлері өнер туын­­ды­ларының көрмелерін өткізді, жыр мүшәйралары мен суретшілер бәйгелері сияқ­ты бірқатар көлем­ді шаралар­ды қолына алып, үлкен жауап­кер­шілікпен ұйым­дастырды. Музей қызметкер­лері бұдан әрі де қазақ халқының рухани әлемін байыту жолында қарқынды қызмет ете бермек. 

Нұрболат ӘЛМЕНОВ,

Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері 

Ақмола облысы