Президент өз сөзін ең алдымен жастарға, яғни бізге арнай отырып тұтастай мемлекетіміздің алдында тұрған міндеттерге терең талдаулар жасады әрі әлемдік даму көшінен қалып қоймаудың басты формуласын ұсынды. Мені Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағындағы ой-сезімдерін жоғалтпағаны, дәл жастарша ойланып-толғана алатыны тәнті қылды. Елбасының жастарға қатысты мәселелерді терең түйсіне білетіні таңғалдырмай қоймайды. Біз – Қазақ елі территориямыз үлкен болғанымен, халқымыз аз мемлекетпіз. Осындай жағдайда жас адамдардың өз уақытында отбасын құрып, нәрестелі болуының әлеуметтік-демографиялық бағыттағы орны ерекше. Елбасының осы мәселеге қатысты пікірлері де замандастарымызға ой салғаны анық.
Ерікті болу – ардың, жүректің ісі ғой. Бұл үшін олар біреуден ақы дәметпейді. Әйтсе де Мемлекет басшысы өз тарапынан оларға қолдау мен ынталандыру шаралары қажет екенін айтқаны елімізде еріктілер қозғалысының одан әрі дамуына септігін тигізеді деген ойдамын.
Ольга ЦЕСЬКО,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтанушы маманы
АҚТӨБЕ