Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

 Солтүстік Қазақстан полицейлері 69  жолаушыны құтқарды

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысынан Ресейдің Екатеринбург қаласына  бет алған «VAN HOOL»  қоғамдық көлігінің жол бойында тоқтап тұрғанын көлік партуль батальонының сержанты Саят Дүйсенбин жетекшілік еткен топ байқап қалған.

 Солтүстік Қазақстан полицейлері 69  жолаушыны құтқарды

Сөйтсе, Тәжікстан мен Өзбекстанның 54 азаматы  бар автобус Петропавл қаласына жете алмаған күйі орта жолда бұзылған. Қаңтардың  саршұнақ аязында жеңіл киінген шетелдік жолаушыларға дереу көмек көрсетіліп, жақын үйлерге орналастырылған. Автобус техникалық жөндеу стансасына жеткізілген.

Аққайың және Тайынша аудандарының тәртіп сақшылары да орта жолда бұзылып қалған «Scania» автобусына жедел жетіп, көмек қолын ұсынған. Көлікте 15 адам, олардың 8-і балалар болған.  Жолаушылар Тайынша кентінде қонақ үйге орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары  Айдын Байматовтың айтуынша, үскірік суықтарда трасса бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Алайда ескертулерге қарамастан жолаушылардың жеңіл-желпі киіммен шығуы, ал  жүргізушілердің қажетті  көмек, медициналық құрал-жабдықтармен  шықпайтыны аз кездеспейді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы