Жаңа қондырғы мазуттың шығынын 20 пайызға дейін үнемдемек. Мәселен, ауданда бүгінде мазутты қолданатын 5 жылу қазандығы жұмыс істейді. Бір жылыту маусымында, 24 мың тонна мазут жағылады, оған шамамен, 1 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалып келсе, енді аталған отынның баламасы ретінде ұсынылып отырған су-мазутты эмульсия шығын көлемін біршама азайтады деп күтілуде.
Инновациялық технологияны енгізу арқылы жылу кәсіпорындары экологиялық және экономикалық тұрғыдан ұтады. Біріншіден, ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері азаяды, қазандықтардың ішкі беті қалың күйеден тазарады, ал, бұл әдіс жылу алмасуды жақсартады. Оған қоса қазандықтарды жөндеу мерзімі ұзарады. Міне, қаншама оңтайлы тұстары бар. Өткен жылу беру маусымында №3 қазандық негізінде жаңа жүйені сынамадан өткізген. Ғалымдар мен коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің мамандары мазут шығынын, ауаға түтінмен бірге ұшатын зиянды заттар мөлшерін есептеп отырды. Сөйтіп, аталған жүйенің тиімділігін анықтаған соң ғана, осы модульді орнатуға бекініп отыр.
Су-мазутты эмульсия дайындайтын модульді жылу қазандығының жанында орналастырудың бір себебі бар. Жақын жерден темір жол өтеді. Темір жол арқылы баламалы отынды қалған 4 жылу қазандықтарына тасымалдау жеңіл. Инновациялық бірегей қондырғы тәулігіне 300 тонна эмульсия дайындайды. Ал, қазандықтардың тәуліктік қажеттілігі 180 тонна.
– Баламалы отын дайындалғаннан кейін оны 1 ай сақтасақ та, қасиеті жойылмайды. Демек, тасымалдауға ыңғайлы. Одан қалды отын түгел жанып кетеді. Тіпті, көміртек тотығы мүлде болмайды. Бұл курортты Бурабай аймағы үшін өте маңызды. Ал, енді экономикалық пайдасына келсек, қондырғыны орнатуға 180 миллион теңге жұмсалса, енді 230 миллион теңге үнемдемекпіз. Жаңа технологияны қолдану арқылы мазуттың шығыны да азаяды. Бұрын тәулігіне 100-120 тонна мазут жағылса, енді 20 тонна кем жағамыз,–дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қайыргелді Мусин.
Айта кетейік, көмір бағасынан екі есе қымбат мазуттың технологиялық көрсеткіштерін жақсарту – ғалымдар үшін оңай шаруа емес. Алайда, олар арнайы құрылғы жасап, осы межеден шыға білді.
–Жобаны әзірлеуге Еуразия университетінің бірнеше ғалымы қатысты. Серіктес кәсіпкер Серік Макит екеуіміз жобаның авторымыз. Бүгінде Қазақстанда ғылыми-технология саласында мыңдаған ғалымдар жұмыс істеп, өздерінің инновациялық жұмыстарын ұсынуда. Ал олардың тек 1 проценті ғана өндіріске енгізіледі. Оның өзі грант негізінде. Сондықтан, ғылым мен бизнес арасында ынтымақтастық болмаса, біз алысқа ұзай алмаймыз. Елбасы айтқандай, ғылым мен бизнес өзара әріптес ретінде біріге жұмыс істесе ғана бәсекеге қабілетті ел бола аламыз. Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Себебі, үлкен тәжірибе жинақтадық,–техника ғылымдарының докторы, баламалы энергетика, инновация саласында халықаралық сарапшы Владимир Ким.
Бүгінде Бурабай ауданында жылу тарифі 195 теңгеден 184 теңгеге төмендеп отыр. Ал, баламалы отынның қолданылуы жылу тарифін тағы да арзандатуға септігін тигізеді. Бурабай ауданының әкімдігі бүгінде ғалымдардың инновациялық жобаларын өндіріске ендіру бағытында тағы бірнеше жобаны қолға алып отыр. Оның қатарында белсендірілген көмір әзірлейтін зауыт құрылысы мен тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу цехы бар.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы