Қазақ абыройының асқан жылы
Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:18
Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздік алған жылдардан бері спорт саласында дәл биылғы тәрізді толағай табысқа жеткен емес. Қазақ елінің спорт саңлақтары осы жылы өткен XXX Лондон Олимпиялық ойындарында тарихта тұңғыш рет жалпы командалық 12 орынға табан тіреді. Сөйтіп, әлемдегі ең ірі спорт державаларының маңайынан ойып орын алып, алғашқы жиырмалықтың алдыңғы легін бастады. Бұл, сөз жоқ, Елбасының Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқанының арқасында мүмкін болды.
Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:18
Қазақстан егемендігін жариялап, тәуелсіздік алған жылдардан бері спорт саласында дәл биылғы тәрізді толағай табысқа жеткен емес. Қазақ елінің спорт саңлақтары осы жылы өткен XXX Лондон Олимпиялық ойындарында тарихта тұңғыш рет жалпы командалық 12 орынға табан тіреді. Сөйтіп, әлемдегі ең ірі спорт державаларының маңайынан ойып орын алып, алғашқы жиырмалықтың алдыңғы легін бастады. Бұл, сөз жоқ, Елбасының Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқанының арқасында мүмкін болды.
Расында да Лондон Олимпиадасы Қазақстан спорты тарихындағы ең бір жарқын беттердің біріне айналды. Тұманды Альбион жерінде біздің үкілеп аттандырған үміттеріміз басында межеленген 13 медальді түгелдей қоржынға салды. Бір ғажабы, бұлардың 7-уі бірдей алтын жүлде болып шықты. Бұл ешкім күтпеген жаңалық еді. Топ бастаған осы 7 алтын медальды 1 күміс, 5 қола медаль алқалады. Осы толағай табыстар біздің ертеңге қол созған егемен елімізді тағы бір биік белеске көтеріп тастады. Қазақстанның әлем қоғамдастығы алдындағы беделі мен абыройы бірден бұрын болмаған дәрежеде шарықтап көтеріліп кетті.
Бұл жемісті жетістіктер дүние жүзі жұртшылығы үшін, біздің өзіміз үшін қаншалықты күтпеген нәтиже, ойламаған оқиға саналғанымен, оның себебі мен салмағы тым негізсіз де емес-тін. Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы елең-алаң кезден бастап, сол тұстағы экономикалық ахуалымыз оншалықты мықты бола қоймағанына қарамастан, біздің республикамызда спорттың дамуы мен саңлақтарымыздың халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетулері үшін қолдан келген көмектің барлық түрі жасалып жатты. Соның арқасында Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет атанғаннан кейінгі өзінің бірінші Олимпиадасында – 1996 жылы Атлантада өткен ойындарда айды аспанға шығарып, әлемнің 197 елі арасында 24-орыннан табылды. Сол дүбірлі додада біздің алдымызға кешегі кеңестік республикалардан тек Ресей мен Украина спортшылары ғана түсе алды. Мұның өзі дүйім дүние үшін күтпеген жаңалық болды. Тарихта тұңғыш қатысқан сол Олимпия ойындарында біздің саңлақтарымыз 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлделерді, барлығы 11 медальды жеңіп алды. Осы ретте біздің Олимпия ойындарындағы шымылдығымызды ашып беріп, жүлделеріміздің тұсаукесерін жасап кеткен асыл ерлеріміздің аттарын тағы бір мәрте атап өтіп, өздеріне ризалық сезімімізді білдіргеннің артықтығы болмас. Олар алтыннан алқа таққан боксшы Василий Жиров, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин, күміспен күптелген боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет Анатолий Храпатый және екі бірдей екінші орынды еңсерген мерген Сергей Беляев, қола медальды қоржынға басқан боксшылар Ермахан Ибрайымов пен Болат Ниязымбетов, еркін күрес шебері Мәулен Мамыров және мерген Владимир Вохмянинов болатын.
Бұдан кейін, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында да жүзіміз жарқын, еңсеміз биік болды. Мұнда алдыңғыға қарағанда, жүлдеміздің саны аз болғанымен, 199 елдің апайтөстері арасында 22-орынды иемдендік. Бізді бұған саңлақтарымыз салған 3 алтын және 4 күміс, жиынтығы 7 медаль жеткізді. Алтын жүлдені боксшыларымыз, жиырма жасында жасындай жарқ етіп өмірден өте шыққан аса талантты бауырымыз Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина әперсе, күміс медальға боксшыларымыз Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков, велоспортшы Александр Винокуров пен еркін күрес шебері Ислам Байрамуков қол жеткізді. Бұл жолы да командалық есепте кеңес кезеңінен шыққан елдер арасынан Ресей мен Украина ғана біздің алдымызға түсе алды. Мұның есесіне, 2004 жылы Афина төрінде бұрынғы позициямызды аздап беріп алғандай көріндік. Ежелгі Эллада топырағында 204 елдің ішінде 40-тұғырға тұрақтадық. Сонымен бірге, алдымызға бұрынғы Ресей мен Украинадан бөлек, Беларусь, Грузия және Өзбекстан сынды посткеңестік елдерді жіберіп алдық. Бірақ, Аллаға шүкір, біз үшін сәл көңіл қоңылтақсыған сол доданың өзінен алтын жүлдесіз қайтқанымыз жоқ. Оны бізге боксшы Бақтияр Артаев сыйлады. Жалпы, қорымызға 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түсті. Сөйтіп, жүлде санын 8-ге толтырдық. Аламанда боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінің өкілі Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев күміс медальдың иегерлері атанса, онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресшісі Мхитар Манукян қола медальды қоржынға қосты. Ал Бейжің Олимпиадасы біз үшін медальдың саны жағынан көптігімен ерекшеленді. Бірінші рет Аспанасты елінде 13 медальды мойынға тақтық. Олардың 2-уі алтын, 4-уі күміс және 7-уі қола марапаттар болып шықты. Соның ішінде алтын медальды ауыр атлет Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев еншілесе, күміс медальды ауыр атлеттер Ирина Некрасова мен Алла Важенина, дзюдошы Асхат Житкеев және еркін күрес майталманы Таймураз Тигиев әкелді. Ал қола медальға балуан қыз Елена Шалыгина, грек-рим күресінің шеберлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, еркін күрес өкілі Марид Муталимов, ауыр атлет Мария Грабовецкая, боксшы Еркебұлан Шынәлиев және таэквондошы Арман Шілманов қол артты. Біздің олимпиялық құрама жалпы есепте 204 елдің арасында 29-болды. Ал кешегі Одақтан шыққан мемлекеттер тобында Ресей мен Украинадан, Беларусь пен Грузиядан кейінгі 5-сатыға табан тіредік.
Ал Лондон Олимпиадасынан олжалы оралған оғландарымызды биыл бүкіл ел болып ардақтап күтіп алды. Оларға жер-жерде зор құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды. Солардың бәрінің қорытындысы іспетті соңнынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүлдегерлерімізді тағы қабылдады. Біздің бұл жерде «тағы» деген сөзді қосып отырғанымыз, Мемлекет басшысы олимпиадашылар құрамасы Британия жеріне аттанар алдында оларды арнайы қабылдап, ақ жол тілеп шығарып салып еді. Сол рәсімнің соңын «Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!» деген тілекпен бітірген Президент батасы оңынан орындалды. Енді, міне, көк туды желбіретіп кеткен ұландарымыз оны одан бетер қанат жайғызып келіп, Елбасының қолына қайта табыс етті.
Салтанатты рәсімдегі сөзін Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды еліміздің ұлттық құрама командасының Лондонда өткен XXX Жазғы Олимпиялық ойындардағы жеңісімен құттықтаумен бастады.
– Қазақстан жұртшылығы екі апта бойы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітті ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Лондон төрінде Қазақ елінің көк байрағы 7 мәрте әлемнің барлық елдерінің туларынан биікке көтерілді. Отанымыздың әнұраны 7 рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшыларымыз Олимпиаданың алғашқы күнінен бастап, соңғы сәттеріне дейін қоржынға медаль салумен болды. Кірпік қақпай теледидарға қарап, тілекші болған миллиондаған қазақстандықтың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітірді. Осылай барша қазақстандықтардың мерейі үстем болды. Біз болашақта бұдан да биік асуларды бағындыра береміз.
– Біздің олимпиадашыларымыздың Лондондағы триумфының мәнін «жеті», «он үш» және «он екі» сандары ашып отыр, – деді бұдан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы. – Қазақстан спортшылары жеті олимпиялық алтын медальды жеңіп алды. Өткен Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда, біздің Олимпиададағы алтын қорымыз 2,5 есе өсті. Мен, барша қазақстандықтар тәрізді, біздің олимпиадашыларымыздың жеңісінің құрметіне Лондонда еліміздің мемлекеттік әнұраны жеті рет ойналып, Қазақстан туы жеті рет көтерілгенін мақтан етемін. Он үш – біздің спортшыларға тапсырылған барлық олимпиялық медальдың жалпы саны! Қоржынымызда алтыннан басқа, бір күміс және бес қола медаль бар. Он екі – Қазақстанның осы Олимпиададағы спорттық рейтингісі.
Осы ретте Елбасы Бейжіңдегі Олимпиадада 29-орын алған ұлттық құраманың Лондонда алтын медальдардың көптігі арқылы бірден 12-орынға көтерілуі бұрын-соңды болмаған серпінді серпіліс екеніне назар аударды. Қазақстан әлемдегі Олимпия жарыстарына жалын жігер жастарын қосып келе жатқан 205 ұлттық құрама арасында жетекші спорттық державаның біріне айналды. Бұл – барша Қазақстан халқының зор жеңісі. Өзінің сөзінде Мемлекет басшысы сондай-ақ бұл триумфтың үш қайнар көзі бар екеніне тоқталды. Олардың біріншісі мемлекеттің денешынықтыру ісі мен спортты қолдауынан туындайды. Ұлттық құраманың жеңіске жетуінің екінші қайнар көзі әрбір қазақстандықтың таланты, табандылығы, жеңіске деген ерік-жігері, сондай-ақ озық жаттықтырушылық шеберлік болып табылады. Толағай табыстың үшінші қайнар көзі еліміздің барлық этносының достығы мен Қазақстан халқының бірлігінде жатыр.
Кездесуде Елбасы Олимпиада жүлдегерлеріне белгіленген марапаттардың бәрін өз қолымен тапсырып шықты. Бұлардың арасында Александр Винокуров, Серік Сәпиев және Илья Ильин – «Отан», Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Ольга Рыпакова – II дәрежелі «Барыс», Даниял Гаджиев, Иван Дычко, Гүзел Манюрова, Марина Вольнова, Ақжүрек Таңатаров және Әділбек Ниязымбетов «Құрмет» ордендерін алды. Ал Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке «Парасат» ордені табыс етілді.
Қазақстанның кезекті олимпиялық жылы осылай аяқталды. Енді сол жеңістердің жалғасы бола бергей деп тілейік.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.