30 Қаңтар, 2019

Әдебиет академиясы қандай мәселені шешеді?

702 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Жастар жылының ресми ашылу салтанаты өнер мен ғылымның әр саласында жүрген белсенді жастардың басын қосты. Ел қуатын еселеу жолында жарқын жобаларды қолға алып, мемлекет мақтанышына айналып үлгерген азаматтардың бірқатары Президентке өз кәсібі туралы әңгімелеп, тың ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Елбасы мен жастар кездесуінде айтылған идеялардан ерекше есте қалғаны – Расул Абдуллаевтың әлемдік деңгейде Қазақстан ребрендингімен айналысатын «Маркетинг министрлігі» жобасы мен Тамила Розметованың Астанада алма бағын өсіру туралы бастамасы. Осы жиыннан кейін қоғамдық талқы тудырған тақырыптардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Мерей Қарттың Қазақстанда Әдебиет академиясын құру жөніндегі ұсынысы да бар. Бүгінгі мақаламызда «жас ақын-жазушылардың білімін шыңдап, әдебиеттің әлеуетін арттырады» деп таныстырылған академияға тағы қандай қызмет жүктелетінін, жобаның жастар шығармашылығын дамытуға нендей жаңалық қосатынын анықтау үшін қаламгерлер мен әдебиеттанушыларды әңгімеге тарттық.

Әдебиет академиясы қандай мәселені шешеді?

Қоғамдық талқыға түскен бастаманы Президент алдында көтерген семейлік ақынның айтуынша, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкеліп, жас қаламгерлердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын ака­демия ашу идеясы бір жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің жаны­нан құрылған жас ақын-жазу­шылардың кеңесінде туған. Мерей Қарт жоба мақұлданса, оның ары қарайғы құрамы мен қызметі нақтыланатынын, қазіргі ойы бойынша академия қазақ әдебиетінің халық­­аралық мәртебесін арттыруға мүмкін­дік беретінін айтады.

– Жас қаламгерлерге ар­нал­ған әдебиет академиясын ашу мәселесі Қазақстан Жазу­шылар одағының бірне­ше отырысында, ақын-жазушы­лардың жиындарында жиі кө­теріліп жүрді. Жас ақын-жазушылардың кеңесінде осы тақырып талқыланғанда, елі­міздің әр өңірінен жиналған жастар Әдебиет академиясын құру туралы ұсынысқа тоқтады. Көп адамның кө­кейін­­­де «Жазушылар одағы тұрғанда Әдебиет академиясы неге керек?» деген сауал туғаны белгілі.  Академия әде­биетке бет бұрған жастарға әлем ойшылдарының шығар­масымен жақын танысуға, халық­аралық деңгейдегі мамандардан онлайн дәрістер алуға, әдебиет саласындағы соң­ғы тенденцияларды игеру­ге жағдай жасайды. Қазақ әдебиетінде байқалатын тағы бір мәселе – аударма саласы дамуының кенже қалуы. Қа­зақ тіліндегі шығарма әуелі орыс тіліне, одан ағылшын ті­ліне аударылады. Осылай отан­дық туынды әлем әдебие­тіне қосылып, шетелдік оқыр­манның қолына жеткенше сөз мәйегі сұйылып, сапасы тө­мендеп кетеді. Академия төл әде­биетін жетік меңгерген аза­маттан қазақ тіліндегі шығар­маларды өзге тілге еркін аударатын маман тәрбиелеуді мақ­сат тұтады. 

Әдебиеттанушы Айгүл Іс­мақова­ның пікірінше, әдебиет академиясын құру осыған дейін зерттелген еңбектердің на­сихатын арттырып, ойлы шығарманы қалың оқырманға жеңіл тілмен жеткізуге жол ашады. 

– Әдебиет академиясын­ құру туралы бастаманы қол­даймын. Өркениетті елдердің бә­рінде әдебиет пен өнерге қатысты осындай арнаулы  ме­­кемелер баршылық.Ахмет Бай­тұрсынов «асыл сөз» деп атаған әдебиет қай заманда да керек. Оған қарап ұлттың басты руxани  құндылықтарын тануға болады. Біздің М.Әуезов атындағы  Әдебиет және  өнер институты қазақ әдебиетінің он томдығын, «Бабалар сөзінің» жүз томдығын, әдебиеттану тариxы мен әлемдік әдебиет­танудың үш томын  шығарды. Бірақ қазір ондай көлемді шы­ғарманы ешкім сөреден алып оқымайды. Цифрлы дәуір­де әдеби туындыларды бүгінгі тілмен жеткізіп, ше­телге жаңа­ша дискурс­та танытудың формалары қа­жет. Сондықтан Әде­­биет акаде­миясы зерттеліп қой­ған дү­ние­­лерді тарату, насихаттау, жаңа үлгіде таныстыру мақ­сатындағы презентациялық жұ­мыстармен айналысса болады. Одан бөлек, Әдебиет академиясы жұмысынан кү­тілетін тағы бір ерекшелік бар. Қазір маған көп ақын, жа­­зу­­шылар «Жазғанымды қа­рап беріңізші», «Шығармама пі­кіріңіз қажет», «Неге дұрыс жаза алмаймын?» «Бү­­гінгі әде­биеттің басты кейіп­кері кім?» деген әртүрлі сұ­рақпен жиі ха­барласады. Олардың бәріне телефонмен кеңес беру мүмкін емес. Жазушылар одағында жас қаламгерлердің жазғанын тү­зеп, білімін жетілдіріп, «қа­зір 300  бет романды ешкім оқы­­майды, көлемін 30 бетке дейін түсіріңіз» деп қазіргі дис­курс ережелеріне сай ұсы­ныс жасау жағы ақсап тұр. Ака­демия құрылса, белгілі жазушыларды шақырып, ше­берлік сағаттарын өткізуге, жас­тардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік туады.  
Сарапшы өз ойын Әде­биет ака­демиясының іргесі қаланса, оған Мағжан Жұма­баевтың аты берілуі керек деген ұсыныспен жалғады. 

– Академия құрылса, оған­ Мағжан Жұмабаевтың есі­­мі берілгені дұрыс деп есеп­теймін. Мағжан – ұлт, салт-дәс­түр,  бала тәрбиесі жа­­ңа заманда қалай іске асуы керектігін қазақ тілінде жазған тұң­ғыш ғалым, «Педагогика» деген үлкен ғылыми-зерттеу кіта­бының авторы. Оның сыни әдебиеттану зерттеулері әлі күн­ге осы саладағы еңбек­тің қа­лай жазылуы керектігін көр­сететін үлгі болудан қалған жоқ. Ол – Абылайхан, Кенесары бас­таған бүкіл ұлттық қозғалыс ба­тыр­ларын алғаш әдеби ке­йіп­кер еткен ақын. Кеңес Ода­ғы тұсында өмір сүрген тарих­шылар жаз­баған Баян батыр­дың кім екенін, оның жоң­ғарға қарсы күресте қандай та­­­рихи рөл атқар­ғанын Мағжан Жұ­мабаевтың шығармасынан та­ныдық. XX ғасыр басынд­а Мағжанды Толстой бастаған Мәскеудің саяси, әдеби, ғы­лыми ортасы танып, В.Брюсов  оны «Қазақтың Пушкині» деп бағалаған. Түркияда  Мағ­­жан­ның «Мен жастарға сенемін» өлеңін жатқа біледі. Ақынға қойылған алғашқы ескерткіш те Анкарада тұр. Ал Қазақстанда «Абайдан кейінгі ақын» деп Әлиxан Бөкейxан мен Аxмет Байтұрсынұлы мойындаған  Мағжанның атында бірде-бір мекеме жоқ. Сондықтан Әдебиет академиясы жобасы қолдау тапса, оған Мағжанның атын беру әділдіктің орнағаны болар еді.

Олжас Қасым әдебиет ака­демиясы туралы бастама қазіргі қаламгерлердің кө­кейіндегі мәселені қозғады деп есептейді. Өркениетті ел­дердің бәрінде әдебиетке қол­дау көрсететін ұйымдар барын тілге тиек еткен ақын, әлем тәжі­рибесінен бірнеше мысал келтірді. 

– Алғашқы әдеби ака­демия­лардың тарихы 1600-­жыл­­дардан басталады. Поль­­шада мұндай әдебиетке қамқор ұйымның негізі 1930 жылы қаланды. Германиядағы әлемге әйгілі Гете институтын білмейтін жан кемде-кем. Екі жыл бұрын Әзер­байжан еліне барғанбыз. Онда қазақ ақындарының еңбегі аударылып, антология болып басылып еді. Сол кезде еңбек жолын енді бастаған қаламгерлердің мәртебесін арттырып, оларға әдеби білім беретін Әзербайжанның жас­ жазушылары одағының жұ­­­­­мысымен танысқанбыз. Әде­биет үйінде Әзербайжан фоль­­­­клорын зерттейтін, жа­ңа­­­­ заман әдебиетінің мәсе­­ле­лерін көтеретін, оны дамы­туға бағытталған арнаулы бағ­­­дарламалармен жұмыс іс­тей­­тін секциялар барына куә бол­дық. Осыдан-ақ көрші түр­кітілдес елдердің тың бастама­лар жөнінен бізден көш ілгері екенін байқауға болады. Ме­нің ойымша, Әдебиет академиясы туралы ұсыныс бүгін ғана талқыға шығарылмай, әл­деқашан құрылып, қазір жұ­мысы жанданып жатуы керек еді. Әдебиет академия­сы құрылса, қазақ әдебиеті әлемдік аренаға көтеріліп, Абай­­дан бастап, қазіргі жас буынға дейін жаңа кеңістікке құлаш сермейтін еді. Бұл үшін бізге әлемнің әдеби қа­уым­дастығы мойындайтын тұл­ғалар, менеджерлер мен әдеби агенттер қажет. Қазір жас жа­зу­шылардың көбі шет тілін білмейді. Сондықтан академия­да әлемнің кең тарал­ған он шақты тілін оқы­татын, қалам­гердің қызығу­шылығына қарай зерттеу бағытын бел­­гілейтін секциялар құрылса деймін. 

Жазушы Бексұлтан Нұр­жекеев әдебиет заңдылығын білмейтін жастар көп екенін, Әдебиет академиясын құру осындай қаламгерлерге жақ­сы мектеп болатынын айтады. 

– Көп жастар әдебиет заңдылығы мен теориясын білмейді. Әдебиет теориясы талантсыз адамнан­ жазушы жасай алмайды, әри­не. Бірақ кез келген өнердің өзін­дік заңы болады. Көбі соны сақтамайды. Мәселені жазу тәсілі мен оқырманға жеткізу жолдарын әдебиет теориясын оқу арқылы ғана табады. Әдебиет академиясы осындай мектеп бола алады. Онда жастар біреудің шығармасын тал­қылап, оған пікір айту ар­қылы машықтанады. Шығар­­маның нанымдылығы, оқыр­манға әсер ету жолдары тү­­­­сіндіріледі. Әдебиет академия­сында белгілі қаламгер, жазушылар өз шығармашылық жолын айтып, жастармен тә­жірибесін бөлісуі керек. Ал­ды­мыздағы ағалардың көбі өзі­нің жазушылық шеберханасын ашып кетті. Біз сөз етіп отырған академия сол мұраны жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуі тиіс, – деді.

Әдебиет академиясы туралы айтылар пікір мен оған артылған үміт мол. Әр жазушы бүгінгі батыл бастаманы қазақ әдебиетінің қазіргі мәселелерін шешіп, тынысын кеңейтетін үлкен мектепке айналады деп сенеді. Ендеше мемлекеттік қолдау жастардың қауырсын ойына қанат бітіреді, отандық туындылар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. 

Інжу АСҚАРБЕК