Мәселен, Алматы облысында жоба басталғалы бері 6253 жас маман ауылға ат басын бұрған екен. Яғни, есеп бойынша 2009-2018 жылдар аралығында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келгендерге жалпы сомасы 785,3 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы берілген. Ал былтыр бұл қолдауға 571 жас маман ие болыпты.
Жалпы, 2009-2018 жылдар аралығында «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысушыларға қандай мамандықтар бойынша сұраныс туды? Мәліметтер ең жоғары көрсеткіш білім саласына қатысты екенін көрсетеді. Жетісудың ауылдарына бала оқытуға келген жас мұғалімдер саны 4328 адамды құраған. Мұнан кейінгі орын медицина саласына бұйырыпты, 1487 дәрігер, медбике сияқты мамандық иесі елге оралған. Сондай-ақ 236 жас маман агроөнеркәсіп кешеніне, 113 адам мәдениет мекемелеріне, 49 жас әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 40 спорт маманы өз болашағын ауылмен байланыстыруға бел буған екен. Айтпақшы, жоба аясында берілген тұрғын үй сатып алу несиесінің жалпы көлемі 7,7 млрд теңге шамасында. Бұл қаржыға 2912 жас маман баспана сатып алды деуге болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзінде «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша берілетін көтерме ақыны 70 айлық есептік көрсеткіштен арттырып, 100 пайызға дейін жеткізу туралы айтқан еді. Алматы облысының әкімдігі бұл тапсырманы орындауға кірісті. Биыл сұранысқа ие 742 жас маман 176750 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы алады деп күтілуде. Мұнан бөлек, тағы 523 адамға 3787,5 мың теңге мөлшерінде жеңілдетілген несие беру жоспарланды. Демек, ауылға оралатын жастар қатары өсе түспек.
Айтпақшы, ауылға оралу дегеннен шығады, былтыр Елбасы Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданына қайта қоныстанған жастар қатары көбейіп келеді. Аймақта шекаралық өңірді дамытуға бағытталған іс те қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, аудан орталығы Нарынқол ауылында жас мамандарға арналған 109 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Қазір 20 үй пайдалануға беріліп те қойған екен. Ауылдағы жаңадан салынған баспана бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлерге жалға беру әдісімен бөлінген. Жаңадан ашылған аудан болғандықтан, Нарынқолға келіп тұрақтап жатқан жас мамандар үшін баспана жайы қиындық туғызған еді. Бұйырса, биыл қалған 89 үй де қолданысқа берілмекші.
– Ең бастысы, шекарлық ауданға жастар қайта орала бастады. Елбасының Жарлығы шыққаннан бергі уақытта ауданға 700 адам қоныс аударған. Сондықтан жас мамандарды баспанамен қамту ең маңызды мәселелер қатарында. 20 жалға берілетін үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 395,3 млн теңге бөлінген болатын, қазір бұл үйлер пайдалануға берілді, – дейді бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, қайта құрылған ауданға бағытталған жұмыс нәтижесі бір жылға жуық уақыттың ішінде айқын нәтиже бере бастады. Аудан орталығындағы жолдар жөнделді, жарықтандыру жүргізілді, тұрғын үйлер салынды, балалар алаңдары мен спорттық алаңдар пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының жастарды қолдауға қатысты тапсырмасынан кейін де «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келетіндер саны артатыны анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»