Спорт • 30 Қаңтар, 2019

Жеңіл атлеттер Азия чемпионатына даярланады

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде аяқталған ел біріншілігінің қорытындысы бойынша биыл көктемде Катардың астанасы – Дохада өтетін Азия чемпионатына қатысатын жеңіл атлеттер іріктелінді.  

Жеңіл атлеттер Азия чемпионатына даярланады

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған кезден бергі нәтижелерге зер салсақ, Қазақстан құрамасы сары құрлықтың басты додасының жалпы командалық есебінде небары екі рет үздік үштіктің қатарына көрінген екен. 2002 жылы Шри-Ланкада 6 алтын, 2 күміс және 4 қола медальді еншілесек, 2017 жылы Үндістанда 4 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдені қоржынға салдық. Соңғы жарыста отандастарымыз Үндістан (12+5+12) мен Қытайдан (8+9+4) ғана қалып қойдық. Үнді елінде біздің жеңіл атлеттер арасынан 100 және 200 метрге жүгірген желаяқ Виктория Зябкина алдына жан салмаса, үш қарғып секіруде Мария Овчиникова озды. Сондай-ақ, тағы бір бас жүлдені 4Х100 метрлік эстафеталық сайыста олжаладық.

Дохадағы додада жерлестеріміз үздік үштіктің қатарынан көрінуді көздеуде. Осы жарыста басты үміт Ольга Рыпакова мен Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Ольга Сафронова (100 және 200 метрге жүгіру), Маргарита Мұқашева (800 метрге жүгіру) және Элина Михина (400 метрге жүгіру) сынды спортшыларға артылуда.       

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Egemen Qazaqstan»