Бірлік – басты құндылық
Жұма, 7 желтоқсан 2012 7:03
Бұл – Атыраудағы этнос өкілдері ұстанатын басты қағида
Атырауда да өзге ұлттың өкілдері бар. Әрине, облыс халқының пайыздық үлесіне шаққанда аз болғанымен, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып жүреді. Тіпті, қазақтармен құдандалы болып отырғандары да жетеді. Қазақ тілін жетік меңгеріп, халқымыздың тарихына терең үңілген, ұлттық өнеріміздің қайнарынан сусындап жүрген өзге ұлттың өкілдері де жоқ емес.
Жұма, 7 желтоқсан 2012 7:03
Бұл – Атыраудағы этнос өкілдері ұстанатын басты қағида
Атырауда да өзге ұлттың өкілдері бар. Әрине, облыс халқының пайыздық үлесіне шаққанда аз болғанымен, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып жүреді. Тіпті, қазақтармен құдандалы болып отырғандары да жетеді. Қазақ тілін жетік меңгеріп, халқымыздың тарихына терең үңілген, ұлттық өнеріміздің қайнарынан сусындап жүрген өзге ұлттың өкілдері де жоқ емес.
Атыраудағы сан алуан этнос өкілдері облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында «Тұңғыш Президент күні. Тәуелсіздік. Елбасы. Бірлік» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.
– Қазақстанның жеткен жетістігі де, тәуелсіз мемлекет іргесінің нығаюы да – Елбасының жеңісі. Көп ұлтты Қазақстан халқын татулыққа үндеп, саяси тұрақтылықтың сақталуына ықпал еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастырудағы тәжірибесі өзге елдерге де өнеге болады, – деді Атырау облысындағы өзге ұлт өкілдерінің кезекті басқосуына арнайы қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов.
Бұдан кейін сөз алған Жылыой ауданының әкімі Максим Ізбасов «Тәуелсіз елдегі бірлік пен татулық – ерен істерге бастар алғышарт. Бұл орайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігімізді баянды етті. Мемлекеттіліктің іргесін нығайтты. Халқымызда «Ырыс ынтымаққа жолығады, дәулет бірлікпен толығады» дейтін даналық нақыл бар. Елдің бірлігі мен татулығы артқан сайын жемісті жеңістеріміз молая түсуде. Соның мысалын Жылыой ауданының тыныс-тіршілігінен байқауға болады. Біздің ауданымызда да бұрыннан өзге этнос өкілдері мекендесе, енді «Теңізшевройлдай» бірлескен кәсіпорында алыс шетелдерден келген сан ұлттың өкілдері еңбек етеді. Олардың арасында ағылшын мен түрік, үндіс пен филиппин секілді бұрын біздің жерімізге табаны тимеген бірнеше халықтың өкілдері бар. Тілдері бөлек болғанмен, жүрекпен ұғынысқан бәрінің көздегені – татулық пен бірлік», деді.
Татулық пен бірліктің қадірін басқа ұлттың өкілдері де біледі. Соның ішінде қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлығы арқасында талай қиындықты еңсерген корей ұлтының өкілдері өзгелерінен бөлекше сезінеді. «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Аркадий Кимнің айтуынша, қазақ халқының мейірбандығының арқасында корейлер өздерін ұлт ретінде сақтап қалды. Енді, міне, Елбасы саясатының арқасында әр ұлт өзінің ұлттық тарихы мен әдебиетін тереңірек тануына, тілі мен өнерін кеңірек дамытуына қолдау жасалып отыр.
Орыс, славян және казактар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Владимир Заверткин мен «Каспиан дивелопмент компани» ЖШС басшысы Арон Митьюдің де пікірі «Татулық бар игіліктің бастауы бола алады. Бірлігі жарасқан елде ғана тұрақтылық орнайды» дегенге тоғысты.
Ассамблея сессиясының қорытындысында облыс халқына арналған үндеу қабылданды. «Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың біріктіру идеясының арқасында ұлттық, тілдік, діни, мәдени ортаның әр алуандығын құрайтын Қазақстан халқы бірлік атты құндылық төңірегіне топтасты. Сондықтан ең қастерлі қазынамыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттілігімізді нығайта беру үшін ең әуелі бірлік қажет!» делінген үндеу мәтінінде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.