Отанның отты қалқаны
Сейсенбі, 27 қараша 2012 7:03
«Сарышаған» әскери полигонында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ракета әскерлері мен артиллерияның «Атыс толқыны-2012» оқу-жаттығуы болып өтті. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жеке құрамның артиллериядан ату мен зымырандық соққы беру тапсырмаларын орындау іс-қимылдарын бақылады.
Сейсенбі, 27 қараша 2012 7:03
«Сарышаған» әскери полигонында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ракета әскерлері мен артиллерияның «Атыс толқыны-2012» оқу-жаттығуы болып өтті. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жеке құрамның артиллериядан ату мен зымырандық соққы беру тапсырмаларын орындау іс-қимылдарын бақылады.
Жаттығудың негізгі мақсаты – артиллериялық ату құралдарының қолданылу тиімділігін тәжірибелік-зерттеу арқылы тексеру болып табылды. Бұл жолы нысана ретінде өтелге жіберілген шынайы жауынгерлік көліктер пайдаланылды.
Тәжірибелік атыстарға Ракета әскерлері мен артиллерия қолбасшысы, полковник Лұт Әлшекенов басшылық жасады. Сондай-ақ, жаттығуға Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өкілдері де қатысты.
Артиллериялық бөлімдердің 400-ден аса әскери қызметшісі біріктірілген марш өткізіп, белгіленген уақытта полигонға шоғырланды.
Экипаждардың, есептоптардың, взводтардың жеке құрамы атыс шебіне шығып, қаруды атуға дайындау нормативін орындады. Сосын нақты атыс жүргізді.
Ракета әскерлері мен артиллерия – Құрлық әскерлерінің басты қуатты күші. Артиллерияшылар мен ракетшілер қарсыласпен ұрыс жүргізуде басты тапсырмаларды орындайды.
Жаттығу соңында қорғаныс ведомствосының басшысы ең үздік әскери қызметшілерді жауынгерлік оқудағы жақсы көрсеткіштері үшін атаулы сағаттармен марапаттады. Қазіргі таңда артиллерияшылар мен зымыраншылар өздерінің әскери шеберлігін жетілдіру мақсатында жеке құраммен ату тактикалық оқуларын ұдайы өткізіп тұрады.
– Офицерлердің кәсіби дайындығын арттыру мақсатында әртүрлі оқыту әдістері мен тәсілдері қолданылады, – деді Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – Оқытудың тиімді түрі – дивизион командирлерінің далалық жағдайдағы біліктілігін арттыру, армияны заманауи жауынгерлік техникамен жабдықтау Жоғарғы Бас қолбасшының бізге қойған басты тапсырмаларының бірі болып табылады.
Аталмыш шара бұл әскерлер тегінің жоғары, сапалы дәрежеге жеткенін көрсетті, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
——————————————–
Суреттерді түсірген Ермек Сарбасов.