Қостанай облысының стандарттық уақытына мемлекет тарапынан соңғы рет енгізілген өзгеріс бойынша Тобыл өңірі бүгінде өзінің географиялық белдеуінен 1 сағат 46 минутқа алда жүр. Бұл мәселені Қостанай облысының тұрғындары біраз жылдан бері байқаған болатын. Парламент Мәжілісіне Қостанай облысынан депутат болып сайланған Ольга Киколенко сайлаушыларының өтінішімен 2015 жылы қаңтарда осы мәселе жөнінде Үкімет басшысына депутаттық сауал тастап, Қостанай өңірінде уақытты 1 сағат 46 минутқа кері шегеруді өтінген болатын. Одан қорытынды шықпағаннан кейін Парламент Сенатының Қызылорда облысынан сайланған депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда және Қостанай облыстары тұрғындарының жергілікті уақытты географиялық уақыт белдеуіне сәйкестендіру жөніндегі өтініштерін жеткізіп, сұрау салды. Қызылордалық азаматтардың сағат тілін уақыттың табиғи қалпынан алшақтату қолайсыздық тудырып, ең бастысы, адамдар денсаулығына кері әсер ететініне көз жеткізуінің нәтижесінде өткен жылдың аяғында Үкімет қаулысымен өздерінің бұрынғы қалыпты уақытына қайта оралды.
Қазақстан Үкіметінің республикадағы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты республика бойынша уақыт есептеуді бір жүйеге келтіруі барысында Қостанай облысы аумағындағы уақыт Үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысымен 1 сағат алға жылжытылды. 2005 жылы бұл жылжыту ескерілместен шетелдердің тәжірибесіне сүйене отырып, «жазғы уақыттан» бас тарту нәтижесінде 1 сағат тағы да алға жылжыдық.
Сөйтіп Қостанай облысы өзінің табиғи географиялық уақыт белдеуінен 2 сағатқа жуық алға шығып кетті. Мұны Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Ольга Киколенконың көтеруі тегіннен-тегін емес еді. Бұл сайлаушылардың өтініші болатын.
– Сайлаушыларыммен өткен көптеген кездесуде осы мәселе алдымнан шығып отырды. Жергілікті «Костанайские новости» газетінің журналистері облыс тұрғындары арасында осы мәселеге қатысты сауалдама да өткізді. Сауалдама қорытындысы да уақыттың ыңғайсыздығын анықтағандай болған еді. Бірақ облыстың сол кездегі басшылығы бұл мәселеге мән бермегендей сыңай танытты да, мәселе шешімін таппай, аяқсыз қалды, – дейді Ольга Андреевна.
Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар арасында жүргізілген сауалнаманың «Қостанай облысына өзінің уақытын, шынайы сағат белдеуін қайтару керек пе?» деген сұрағын бір тәулік ішінде 10 мың адам оқыған, оның әр бесіншісі дауыс берген. Дауыс бергендердің 48,8 пайызы бұрынғы сағат белдеуінің қайтарылуын қолдаған, 24,2 пайызы қарсы болған, 27 пайызы бейтарап қалған. Табиғи биологиялық уақыт ырғағының ыңғайына бағынбау ең алдымен баланың да, ересек адамдардың да ұйқысының бұзылуына әкеп соғатынын, ал ұйқының қысқалығы, қанбауы адам денсаулығына кері әсер ететінін белгілі ғалымдар да, дәрігерлер де айтады. Сомнология ғылымына Ресейде айрықша көңіл бөлініп отыр. 2012 жылы «Сомнологтар қауымдастығы» құрылып, Ресейдің барлық аумағында оның 45 бөлімшесі ашылған. Осы орайда облыстағы белгілі мамандардың пікірін сұрауды жөн көрдік. Қостанай қаласының орталығындағы С.Мәуленов атындағы №24 гимназияның директоры Бегежан Көшмұрзин де өңір үшін сағат белдеуінің алға жылжып кетуінің кері әсері білінетінін айтты.
– Балалар таңертең алғашқы сабақта ұйқысын аша алмай отырады. Таң қараңғысында келеді. Оларды қалың ұйқының кезінде ата-анасы жұлқылап оятады. Мектепте оқушылардың жүктемесі де жеңіл емес, уақытының барлығы кестеге жазулы. Кешке ең соңғы сабақ 19.40-та аяқталады. Оқушылар тағы да қараңғы түнде кетеді. Сондықтан сағат белдеуін кері жылжытуды барынша қолдар едім. Балалармен жұмыс істейтін ұстаздар қауымының барлығына бұл бұрыннан белгілі жай, – дейді Б.Көшмұрзин.
Қостанайлық белгілі психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Надежда Жаркова да дұрыс ұйықтамау баланың денсаулығына кері әсер ететінін алдымен тілге тиек етті.
– Уақтылы ұйықтамау баланың иммунитетін әлсіретеді, аурушаң болады. Үнемі ұйқысы қанбаған баланың есте сақтау қабілеті төмендейді, әлжуаз, аурушаң болады, тіпті жүйкесі жұқарады. Оны баланың беймаза болуынан, мінезіндегі өзгерістерден, мысалы бойын қорқыныш, үрей билеуінен байқауға болады, – дейді Надежда Васильевна. Психотерапевт өңірдегі жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидтік жағдайдың жиілеуіне де сағаттың географиялық уақыт белдеуінен ауытқуының әсері болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Әсіресе ұйқысынан биологиялық мерзімнен бұрын оянуға мәжбүр болған мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына тым қиянат десе де болады. Балабақшаның жұмыс тәртібіне сай баланы таңертеңгі 08.00-де жеткізуге тиіс болса, бұл өңірдің табиғи уақыты бойынша таңғы сағат 06.00-ге сәйкес келіп тұр. Міне, үлкендердің уақытпен «ойнауының» нәтижесінде сәбилер бозала таңнан шырылдап жылап, ұйқылы-ояу қалпында балабақшаға келеді. Мұндай кереғарлықты облыстағы 105 мыңнан аса мектеп оқушылары күнделікті сезініп, амалсыз төзіп жүр.
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысының уақытын табиғи белдеуге қайтаруды сұрап, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа сауал тастағанда: «Адам эволюциясы, сомнология, физиология және хрономедицина саласын 10 жыл бойы зерттеген Панин, Дорохов, Рапопорт сияқты Ресейдің ірі ғалымдары адамды үнемі географиялық уақыттан бұрын мәжбүрлі түрде ұйқысынан тұрғызу созылмалы аурулардың өршуіне, обыр, қан тамырлары жүйесі аурулары, суицид, тіпті жол-көлік оқиғасының көбеюіне, жаңа аурулардың пайда болуына себеп болатынын дәлелдеді. Сондай-ақ оның әсері күзгі және қысқы уақытта қатты сезілетіні жөнінде ғылыми тұжырымдама бар» деп атап көрсеткен еді. Сенатордың бұл сөзін еске алып отырғанымыз, табиғи белдеуінен бір сағат емес, 1 сағат 46 минут, яғни екі сағатқа жуық ауытқыған Қостанай облысындағы жағдай да осы қауіптен алыс емес. Обыр, жүрек-қан тамырлары аурулары мен адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауы Қостанай өңірінде көбеймесе, азайып отырған жоқ.
Ата-бабамыздың аттың жалында, атанның қомында жүріп ұрпағына қалдырған, ұшқан құстың қанаты талатын Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында стандарттық уақыттың түрлі болуы табиғи заңдылық және оны бір уысқа сығымдау – өрескел шешім. Мысалы, іргелес Ресей елі бір Мәскеудің аузына қарап отырған жоқ, географиялық бойлықтарына сәйкес 11 сағаттық белдеумен өмір сүріп жатыр. (Ресейдің бізбен бір бойлықта орналасқан Ульяновскіден Новосібірге дейінгі бөлігі 3 сағаттық белдеуге бөлінген). Сағаттық белдеу күн шығу және бату уақытымен реттеледі. Ол Күн мен Жер шарының қозғалысына ғана бағынатын, ешқандай шенеуніктік реттеуге келмейтін шаруа. Керісінше, адамдар сол уақыт шегінен шықпай, биологиялық заңдылыққа ыңғайлануы қажет. Бұл арада мәселенің оң шешімін табуына қосымша қаражат талап етілмейтіні, есесіне халықтың денсаулығы мен өздерін жайлы сезініп, еңбекке көңіл-хошымен ынталы араласуына ұшан-теңіз пайдасы болатыны еске алынса дер едік.
Айтпақшы, осы мақала дайындалып жатқанда облыстың большевик Таран аттан түсіп, Би-ағаң есімін алғалы жатқан ауданында сағат тілін табиғи уақытқа шегеру жөнінде бастамашыл топтың басында жүрген Ольга Ведлерге хабарластық.
– Қызылорда облысымен бір бойлықта жатқан Қостанай облысының тұрғындары да сағат тілінің табиғи уақыт белдеуінен ауытқуының кері әсерін тартып жүр. Қазір біз жұмысқа сағат таңертеңгі 09.00-де келгенде, дала қараңғы болады. Қыс бойы солай. Ал балалар мектепке тіпті ерте кетеді. Қазіргі уақытпен күн сағат 10.00-де шығады. Ал екі сағатқа жуық уақытты табиғи қалпына қайтарсақ, балаларды да таң қараңғысынан оятпас едік. Қазір географиялық уақыт белдеуі, биологиялық табиғи уақыт ырғағы деген не, сағат белдеуінің алға жылжып кеткені, одан келетін зиян қандай екенін білуге адамдардың сауаты жетеді, – дейді Ольга Ведлер. Осы аудандағы Ольга бастаған бастамашыл топ арнайы сайт ашуды, онда өздері дайындап жатқан петицияны, қол қойғандар тізімін жариялауды жоспарлап отыр.
Еш қаржыға түспейтін мәселені шешуге не кедергі екені түсініксіз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»,
Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ,
еңбек ардагері
ҚОСТАНАЙ