21 Қараша, 2012

Жастарға жалындаған жарасады

307 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жастарға жалындаған жарасады

Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:09

Өткен дүйсенбі күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезіне қатысқан 88 делегатпен кездесті. Оған жоғары оқу орындарының ректорлары, басқарма, департамент басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:09

Өткен дүйсенбі күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезіне қатысқан 88 делегатпен кездесті. Оған жоғары оқу орындарының ректорлары, басқарма, департамент басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– Бүгін сіздермен кездес­ке­ні­ме қуаныштымын, – деп бас­тады әңгімесін өңір басшысы, «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қа­зақстан облыстық филиалының төрағасы Б.Сапарбаев. – Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының жаңа стратегиясы жайлы ойларын білдіріп, рухы күшті, жа­лындаған жастардың бастамаларына әрдайым жолдың ашық екендігін айтып берді. Мем­ле­кеттің дамуы, өркендеуі жас­тарға байланысты. Қазіргі таңда Қазақстанды бүкіл әлем таниды, қарыштап алға басып келе жатқан еліміз әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің қатарына қо­сы­лу жолында ізденістер танытуда. Қандай мемлекет болса да оның алға басып, өркендеуі үшін алға қойған мақсаты мен міндеті болатыны белгілі. Міне, сонда ғана көздеген жетістікке жете аласыз. Қазіргі таңда өңірде 18 мыңнан астам «Жас Отан» жастар қанатының мү­ше­сі бар. Облыстың 19 аймақтық филиалында, үкіметтік емес ұй­ымдарында жаңа стратегия тал­қыланғаны мәлім. Жастар съе­зінде Елбасы Н.Назарбаев жас­тарды жұмыспен қамту мен жұмысқа орналастырудағы проблемалар, сапалы білімнің қол­жетімділігіне қол жеткізу, ден­саулық сақтау, тұрғын үй мә­селелері туралы ой бөлісті. Сонымен қатар, қазақстандық жас­тардың мәдени дамуы мен бір­лігі жолындағы келісім үлгісін нығайту, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мен Мемлекет басшысының зияткер ұлт құру туралы идеясын іске асыру, Отанымыздың шынайы патриоттарын тәрбиелеу жөнінде де жа­­­ңа міндеттер қойылды, – деп сө­­зін жалғастырды өңір басшысы.
Енді, өңірде атқарылып жат­қан істерге тоқтала кетсек.Үстіміздегі жылдың 10 айында жұмыссыздық 5 пайыз төмен­де­ді, бұл республикалық көрсет­кіш­тен төмен. «Жаңа технология» бойынша 613 миллиард теңгенің 39 жобасы жүзеге асы­рылмақ. Бір ғана «Азия Авто» көлік құрастыру зауытын ала­йық. Келер жылы кәсіпорынға 1539 адам жұмысқа қабыл­дан­бақ. Оның ішінде инженер, шебер, басқа да мамандық иелері бар. Ал бұл мамандықты алып шыққан жастар алысқа бармай-ақ, өз жерінде еңбек етуі тиімді емес пе. «Электронды еңбек биржасы» арқылы жастардың қалаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік тумақ. Ол барлық аудандарда болады. Жоғары оқу орындарына ҰБТ кезінде жастар төмен баға алып жатады. Неге? Бұдан қорытынды шығару үшін ке­­­шен­ді тестілеуге әзірлік жөнін­дегі орталық ашылмақ. Ол жерде мектеп бітіруші түлектер әзір­леніп қана қоймай, сынақ­тың қыр-сыры жайлы мәлімет­тер ала алады.
Өңір басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстан облы­сы­ның грант мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2007 жылы көбінесе ауыл жастарына басымдық беретін 180 жасқа тегін оқыту гранты бөлінсе, қазір оның саны 820-ға жеткен. Ал келер жылы талапты түлек­терге деп 900 грант бөлінген. Білім алып жатқан жастарды жатақханамен қамтамасыз ету де назарда.
Қазіргі жастар денсаулығы мықты, спортты серік еткен, тепсе темір үзетін, жалындаған, рухы күшті, алға қойған мақ­сат­тарын орындамайынша тыным таппайтын қасиеттерімен ерек­шеленіп тұруы тиіс. Ол үшін облыста барлық жағдай жасал­ған. Бұл күндері өңірде 2784 спорт қондырғысы жұмыс істеп тұр, 291 мәдениет үйі бар. 2013 жылы барлық аудандар мен қалаларда жасанды футбол алаңдары іске қосылмақ.
Семей мемлекеттік педаго­гикалық институтының студен­ті, «Жас Отан» жастар қанаты Семей филиалының атқарушы директоры, съезд делегаты Ер­ке­бұлан Балтабеков өңір бас­шы­сының өздерімен кездес­ке­ні­не алғысын айтып, Семей атом полигонындағы ядролық қару­дан бас тарту жөніндегі Елба­сының көрегендік саясатын қолдайтынын, осыған байланысты Семей мен Курчатов қала­ларында жастардың бірқа­тар игі шараларды өткізгенін жастар форумында айтқанын тілге тиек етті.
– Съезден арқаланып қайт­тым. Елбасы жастар форумында жоғарыдан төменге, яғни қа­ла­дан ауылға қарай бет бұрып, жастар орталығын құру, олар­дың белсенді әрекет жасаулары жөнінде айтты. Жарма ауданы­ның жастары да бұл бағытта біршама жұмыстарды атқарып жатыр. Біздің Жастар үйінде 7 адам қызмет етеді. 12 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қар­жыны тиімді жұмсап, бір жылда жүзге жуық шара өткіздік. Ал­да­ғы уақытта да жармалық­тар еліміздің көркеюіне өз үлес­те­рін қоса береді, – деді кездесуде сөз алған Жарма ауданындағы Жастар үйінің директоры Маржан Бақытқызы.
– Маржан өте орынды айтты. Бір ауданға 12 миллион көп қаржы емес. Басқа аудандарда да Жастар үйі белсенді жұмыс істеуі тиіс. Жақында облыстық мәдениет басқармасы басшыларына Жастар радиосын және Интернет-телевизия ашу жөнін­де тапсырма жүктедім. Бұдан былай белсенділердің өз ойын радиода немесе интернет-телевизияда білдіруіне шек қойыл­майды, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін сөз алған бел­сенділер «Жас Отан» жастар қанатының қоғам өміріне белсене араласуы, проблемалар мен кемшіліктерді бірлесіп шешу, өңірдегі маңызды бастамаларды қолдау, оған үн қосу жайлы пі­кір білдірді. Облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев кездесу соңын­да жастарға оқуда алда, еңбекте үздік болуға тілек білдіріп, ел игілігі жолында аянбай тер төгуге шақырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, 
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.