20 Қараша, 2012

Бірлігіне тірлігі сай Сайрам

467 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бірлігіне тірлігі сай Сайрам

Сейсенбі, 20 қараша 2012 7:07

Сансыз баптардың мекені атанған Сайрам халқы тығыз қоныстанған аудандардың бірі саналады. Ресми мәлімет бойынша бүгінде ауданда 300 мыңнан астам жан бар. Сайрамның халқы еңбекқорлығымен, жаңалықты жатырқамай қабылдайтын жаңашылдығымен, бейімділігімен танылған. Сайрамдық шаруалар жылыжай өсіру мен тамшылатып суару әдісін енгізу, сонымен қоса мал бордақылаумен бүкіл республикаға үлгі болып отыр десек, мұнымыз асыра айтқандық емес. Міне, құт-береке дарыған Сайрамда осы аптада бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

 

Сейсенбі, 20 қараша 2012 7:07

Сансыз баптардың мекені атанған Сайрам халқы тығыз қоныстанған аудандардың бірі саналады. Ресми мәлімет бойынша бүгінде ауданда 300 мыңнан астам жан бар. Сайрамның халқы еңбекқорлығымен, жаңалықты жатырқамай қабылдайтын жаңашылдығымен, бейімділігімен танылған. Сайрамдық шаруалар жылыжай өсіру мен тамшылатып суару әдісін енгізу, сонымен қоса мал бордақылаумен бүкіл республикаға үлгі болып отыр десек, мұнымыз асыра айтқандық емес. Міне, құт-береке дарыған Сайрамда осы аптада бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

Облыстың 80 жылдық мерейтойына 80 нысан аясында республикалық бюджеттен қаржыландырылған бірнеше білім беру нысандары, атап айтқанда 1 Мамыр ауылында 900 орындық, Қы­зылсу елді мекенінде 300 орындық білім ұяларының, Шапырашты ауылында облыстық бюджет қаржысына салынған 300 орындық, Өтеміс ауылында 300 орындық және Ақсукент ауылында 200 орындық мектептердің, мұ­ны­мен қоса демеушілердің есебінен Сайрам ауылында 320 орындық бала­бақшаның құрылыстары аяқталды. Осы аптада Сайрам ауданында үш әлеумет­тік нысанның лентасы қиылды.
Сайрам ауылындағы «Астана» бала­бақшасы қос қабатты, ерекше сәулетпен салынған ғимарат. Оны жергілікті кә­сіпкер Арафат Сулайманова салдырған. Облыста жеке кәсіпкерлердің есебінен салынған мұндай ірі балабақша бұған дейін болған емес. Құрылысы  өткен сәуір айында басталып, бар-жоғы жеті ай ішінде аяқталыпты.
– Облысымызда бала туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан Елбасының тапсырмасына сай, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту біз үшін өте өзекті мәселе. Осы іске жеке кәсіпкерлердің де үлесін қосып, қызығушылық таныт­қаны қуантады. Мына ашылып отырған балабақша мың балаға арналған. Мұн­дай үлкен балабақша облыста алғаш рет ашылып отыр. Ғимарат бюджет қар­жысымен салынып жатқан балабақ­шаларға қарағанда 2,5 есеге арзан түсіп отыр. Әр балаға шаққанда – 500 мың теңгеден түседі. Енді осындай тиімді жобаны облысқа кеңінен таратуымыз керек, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов балабақшаның ашылу салтанатында.
Бір айта кетері, Сайрам ауылдық округінде бүгінде 3-6 жас аралығында үш жарым мыңнан астам бүлдіршін бар екен. Бұған дейін мұнда 4 жекеменшік балабақша салынып, пайдалануға бе­рілген. Сөйтіп, балалардың 47 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген. «Астана» балабақшасы іске қосылған соң бұл көрсеткіш 74 пайызға жетіп отыр. Аудан әкімі Уәлихан Қайна­за­ровтың айтуынша, ауданда мектепке де­йінгі мекемемен қамтылған бүлдір­шіндердің 71 пайызы жекеменшік бала­бақшаларда тәрбиеленіп жатыр. Яғни, «Балапан» бағдарламасына жеке кәсіп­керлерді тарту жақсы нәтиже беріп ке­леді деген сөз. Жалпы алғанда, жоға­рыда аталған бағдарлама бойынша бүгінде ауданда 64 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істесе, оның 11-і мемле­кеттік, 32-сі жекеменшік. Бұдан бөлек 21 мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар тағы бар.
Елдің игілігіне берілген екінші нысан Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Өтеміс ауылындағы 300 орындық Абай атындағы №38 жалпы орта мектеп. Бұған дейін ауыл оқушылары іргесі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қаланған ескі мектепте білім алып келген. Оқушыға заман талабына сай білім беруге мүмкіндігі жоқ білім ұясына жа­ңа ғимарат салып беру биылдың сәуі­рінде басталыпты. Жоспар бойынша ол келер жылы аяқталуы тиіс еді. Мойнына алған міндетін мерзімінен бұрын орындаған «NTR» компаниясының тындырымды тірлігіне өтемістіктер алғы­сын жаудырып жатыр.
Бұл күні аудан халқы үшін ерекше қуанышты жайт – Ақсукентте кейінгі жыл­дары көркіне көрік қосып, құл­пырып келе жатқан Орталық саябақта Неке сарайының ашылуы еді. Құны 145 миллион теңгеге бағаланған құрылысқа қажетті қаржы аудандық бюджеттен бөлінген. Қазығы өткен маусым айында қағылған ғимарат бар-жоғы бес ай ішінде пайда­лануға беріліп отыр. Енді ол аудандық әділет басқармасының еншісіне өтті.
– Халық тығыз қоныстанған Сайрам ауданында жыл сайын шамамен 2800-ге жуық неке тіркеледі. Биылғы жылдың 10 айында 2400-ден астам жұп шаңырақ көтерді. Жаңа неке сарайының Орталық саябақтан орын тебуі тегін емес. Өйт­кені, жас жұбайлар неке қияр салтанаты кезінде осындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллеяға келуді дәстүрге айналдырған, – дейді аудан әкімі. Жалпы, жастар мәселесі біздің басты назарымызда. Келер жылы сая­бақтан спорт кешенін салу жоспарымызда бар. Бұл жастарымыздың жаман әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстануларына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Ауданда халықты ауыз сумен қам­тамасыз ету бағытында да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылуда. Ауданда 72 елді мекен болса, соның 46-сында ауыз су тәулігіне 24 сағат беріледі. Бұл көрсеткіш басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Биыл аудандағы тағы 3 елді мекен   осы мәселені шешуге кірісіп кетті. Нысандар қарашаның соңында пайдалануға берілу тиіс. Ал, 104 мектебі бар Сайрамда биыл 8 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек 5 денсаулық сақтау нысаны жыл соңына дейін елдің игілігіне тапсырылмақ.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы.