Қамқорлықтың қайтарымы болады
Бейсенбі, 15 қараша 2012 7:13
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) аясында денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясатының мақсаты – халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, олардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, аурудың алдын алуды дамытудың негізінде оны азайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға саяды.
Осы мақсатқа жету денсаулық сақтауды дамытудың басым стратегиясының сақталуын талап етеді. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды мақсаттарының қатарына медицина қызметкерлеріне жасалатын медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру кіреді.
Бейсенбі, 15 қараша 2012 7:13
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) аясында денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясатының мақсаты – халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, олардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, аурудың алдын алуды дамытудың негізінде оны азайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға саяды.
Осы мақсатқа жету денсаулық сақтауды дамытудың басым стратегиясының сақталуын талап етеді. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды мақсаттарының қатарына медицина қызметкерлеріне жасалатын медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру кіреді.
Қазіргі таңда заманауи менеджменттегі өзекті тақырыптардың бірі еңбекті негіздеу екені аян. Әрине ұйым өз мақсаты мен міндетіне қол жеткізуге талпынғанда тауарлар мен қызметтерді өндірудің озық технологиясын құру, білікті кадрларды жинау және олардың өзара әрекетінің тиімді құрылымын әзірлеу жеткіліксіз болады. Әрбір қызметкер алдына қойылған міндетті орындау үшін барынша күш жұмсап, тиімді еңбек етуі қажет.
БҰДЖ енгізудің ең маңызды қағидатының бірі соңғы нәтиже бойынша еңбекке ақы төлеу екендігі талассыз. Медицина кадрлары, ең алдымен дәрігерлер емдеу-алдын алу мекемелерінің ішкі ресурстарының аса маңызды бөлігі. Міне, сондықтан да олардың қызмет нәтижелілігі осыған байланысты қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, денсаулық сақтауды қайта құру кезеңінде, техникалық, технологиялық және ұйымдастырушылық жаңартулар негізгі бағыттар болып отыр. Алайда, дәрігерге жан-жақты жағдай жасап, оны ең жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсең де нақты нәтижеге толық қол жеткізілмеуі де мүмкін. Біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген жаңартулармен бірге, жетілдірілген тұжырымдаманың басты нысаны медицина қызметкерлері болып қала береді. Міне, сондықтан да олардың еңбек қызметін үнемі жаңғырту керек. Мәселенің мәнісі міне, осында.
Дәрігер мамандығының беделділігі бүгінгі күні де жоғары болып отыр. Денсаулық сақтаудағы еңбектің төмен негізделуіне қарамастан, медицина қызметкері мамандығын алғысы келетіндер саны азайып отырған жоқ. Жыл сайын медицина оқу орындарына түсу конкурсы ең жоғары болып тұр.
Кәсіптік медициналық қауымдастық дәрігерлер мен қызметкерлер құрамының біліктілік деңгейіне, атқаратын қызметтің этикалық нормаларының сақталуына, сыбайлас жемқорлықты еңсеруге жаңа талаптарды құруы тиіс. Кәсіптік қауымдастықтар мен қоғамдар болып біріккен дәрігерлік ұйымдар қызметкерлерді аттестаттау мен сертификат беруде, жоғары білікті мамандарды анықтау мен көтермелеуде, біліктілігі төмен мамандардан арылуды жүргізуде шешуші рөл атқаруы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық негіздеуді арттыру жөніндегі мынадай іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс:
- медициналық қызметкерлер еңбегіне ақы төлеуді экономика бойынша орташа деңгейге дейін арттыру;
- жас мамандарға қаржылық және әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігі (тұрғын үй немесе жалдаудың жартылай төлемін беру, несиеге қол жеткізу, медициналық мекеменің араласуы арқылы ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін ұсыну);
- еңбекке ақы төлеудің дифференциялылығын күшейту, оның ынталандырушы бөлігін арттыру (25-30%-дан кем емес), медициналық ұйымдарда бөлек бөлімшелер мен қызметкерлердің емдеу-профилактикалық қызметінің соңғы нәтижесінің нақты қызмет көлемдері мен көрсеткіштерін есепке алу негізінде экономикалық ынталандыру жүйелерін енгізу.
Сонымен, медициналық қызметкердің еңбегін уәждеу – адамды қызметке ынталандыратын ішкі және сыртқы қозғаушы күштердің жиынтығы, олар қызметтің шектерін және нормаларын қояды, осы қызметке белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған бағдар береді. Оның ынталандырушы факторы медициналық қызметті жүзеге асыратын қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін адал атқаруы, жұмысты орындаудың жоғары сапасы. Соның ішінде аса күрделі және шұғыл жұмыстарды, бастамашылдық, шығармашылық белсенділік және басқа да жетістіктер үшін ақшалай сыйақы түріндегі мадақтауды анықтайтын құқықтық негізі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 245 бұйрығымен бекітілген дифференцияланған қосымша ақы төлеу болып табылады.
Жаңа технологиялар, дәрі-дәрмектер, диагностикалау мен емдеу әдістерінің пайда болуы қазіргі заманғы дәрігерден білімінің тұрақты жетілдіріп отыруын талап етеді. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауында «Әрбір қазақстандықтың жеке ұстанымы «өмір бойы білім алу» болуы тиіс» деп атап көрсетті. Бұл, сондай-ақ дипломнан кейінгі жоғары кәсіптік білімге де қатысты, ол үшін қазіргі кезде барлық жағдайлар жасалды. Жеке алғанда, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Дипломнан кейінгі және қосымша кәсіптік білім беру орталығы (ДҚО) бар, оған: кардиология, ішкі аурулар, гастроэнтерология, клиникалық және зертханалық диагностика кафедралары кіреді.
ДҚО орталығының негізгі бағыты білім беру қызметі, соның ішіне қосымша медициналық білім беру, дәрігерлерді жетілдіру циклдары және дипломнан кейінгі білім беру, резидентурада тар шеңберлі мамандықтар бойынша кадрларды даярлау.
Білім беру үрдісіне біздің институттың жетекші ғылыми қызметкерлері, атап айтқанда, 15 медицина ғылымдарының докторы мен 36 ғылым кандидаты қатысады.
Оқу орталығы біліктілікті арттыру және қайта даярлау циклдарында денсаулық сақтаудың мемлекеттік мекемелерінің дәрігерлерін даярлауға тапсырысты орындауды іске асырады. Қазір мемлекеттік тапсырыс аясында біліктілікті арттыру циклдарында 72 маман, 036 бағдарламасымен қайта даярлау циклында 14 дәрігер, біліктілікті арттыру циклында 15 дәрігер білім алуда. Жамбыл облыстық жедел жәрдем қызметінің 140 фельдшеріне «каскад» әдісімен біліктілікті арттыру циклы жүргізілді.
Біліктілікті арттыру циклдары кардиология, ішкі аурулар, нефрология, ревматология, гастроэнтерология, аритмология, эндокринология, аллергология және иммунология, функционалдық диагностика, медициналық реабилитология мамандықтары бойынша жүргізіледі.
Облыстық денсаулық сақтау департаменттерінің өтінімдері арқылы ел өңірлерінде көлемі 200 сағаттан асатын ішкі медицинаның өзекті мәселелері жөнінде біліктілікті арттырудың көшпелі циклдары өткізілді.
Резидентурада білім беру кардиология, ішкі аурулар, гастроэнтерология, эндокринология, аллергология және иммунология пәндерімен жүргізіледі.
Орталық заманауи компьютерлермен мультимедиялық проекторлармен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Кардиохирургтарды интервенциялық дағдыларға үйрету үшін симуляциялық орталық бар.
Сондай-ақ ДҚО орталығының қызметкерлері он-лайн режімінде облыстардың практикалық денсаулық сақтау дәрігерлеріне ішкі аурулардың түрлі аспектілері негізінде дәрістер жүргізеді. Күрделі клиникалық жағдайларда телемедициналық технологиялар көмегімен Қазақстан өңірлеріне консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді.
Орталықтың қызметкерлері ғылыми-техникалық бағдарламалар мен гранттарды орындауға, сондай-ақ конференциялар мен съездерді әзірлеуге және жүргізуге белсенді қатысады.
Осылайша, кәсіби деңгейді тұрақты жетілдіру және дифференцияланған қосымша ақы төлеу түріндегі экономикалық ынталаныру науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартудың басты факторына айналмақ. Міне, сонда ғана қамқорлықтың қайтарымы болады.
Сәлім БЕРКІНБАЕВ,
Денсаулық сақтау министрлігі Кардиология және
ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.