Кездесу барысында Бақыт Сұлтанов елорда әкімдігі мен ҚР Ұлттық паралимпиялық комитетінің бірлескен күшімен Астанада мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін заманауи Паралимпиялық жаттығу орталығының ашылғандығын атап өтті.
«Қазіргі таңда Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған бағдарлама іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, паралимпиялық спорт – өмірдің қиындықтарына қарамастан адамның ел дамуына өзінің сүбелі үлесін қоса алатындығын дәлелдеудің ең жарқын тәсілі. Мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатын халықаралық жарыстарда Қазақстанның туы биікке көтерілгенде бойды билейтін мақтаныштан артық сезім жоқ шығар», – деді Бақыт Сұлтанов.
Эндрю Парсонс мырза Астанада заманауи көпбейінді спорт кешендерінің жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мекемелердің Қазақстанда паралимпиялық спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетуін жоғары бағалады.
«Мен Астанадағы түрлі спорттық орталықтардың жұмысына, Паралимпиялық жаттығу орталығының жұмысына тәнті болдым. Біз болған спорт кешендерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, біз арнайы білім беру бағдарламасы іске асырылып жатқан № 83 мектепке де барып қайттық. Оның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген қарым-қатынасты өзгерту»,– деді Халықаралық паралимпиялық комитеттің президенті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы жазда Астанада парапауэрлифтингтен өтетін Әлем Чемпионатын өткізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, алдағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.